
2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланған жылы Қазақстанда өндірістік сала қызметкерлерін қолдау шаралары белсенді түрде жүзеге асырылуда. Сол бастамалардың бірі «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы. Бүгінгі таңда бұл бағдарлама арқылы 1 990 адам қоныстойын атап өтті.
Бағдарлама қатысушыларының барлығы құрылыс, электрэнергиясын беру және бөлу, автокөлік өндіру, кен, мұнай және газ өндіру мен өңдеу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, су ресурстары және ирригация салаларында еңбек етеді.
Бағдарлама 2025 жылдың көктемінде өндірістік сала қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесу мақсатында іске қосылған. Өтінімдерді қабылдау 17 наурыз 2025 жылы басталды.
Ең көп несие алғандар өнеркәсіп және құрылыс саласының өкілдері (1 176 адам). Көлік саласының қызметкерлері екінші орында (396 қатысушы). Ал үздік үштікті энергетика саласының мамандары (269 адам) түйіндейді.
Жалпы алғанда бағдарлама 1 143 экономикалық қызметтүрін және 8 230 жұмыс мамандығын қамтиды. Бағдарламаға қатысу үшін конкурстық іріктеу талап етілмейді тек жұмыс орнынан лауазымы, мамандығы және кәсіпорын қызметінің түрі көрсетілген анықтама әкеліп, банк бөлімшесіне өтінім беру жеткілікті.
Қатысушылардың орташа жасы 31 жас. Ал тұрғын үй алғандардың шамамен бесінші бөлігі жұмысшы мамандығындағы әйелдер.
Бағдарлама аясында қатысушылар мегаполистер мен облыс орталықтарындағы жаңа тұрғын үй кешендерінен алғашқы тұрғын үйді немесе моноқалалар мен ауылдық елді мекендерден екінші нарықтағы баспананы сатып ала алады.
Несие сомасы Астана мен Алматы қалалары үшін 36 млн теңгеге дейін, ал өңірлер үшін 30 млн теңгеге дейін. Пайыздық мөлшерлеме қатысушы санатына байланыстытжылдық 7%-дан 9%-ға дейін өзгереді.
Өтінім беру үшін қажетті шарттар:
- банкте депозиттің болуы (оны өтінім алдында ашуға болады);
- жинақ шотында кемінде 2 млн теңге болуы;
- соңғы 5 жылда өтінім беруші мен отбасы мүшелерінің атында тұрғын үй болмауы;
- соңғы айларда ресми табыс пен зейнетақы аударымдарының болуы.
«Наурыз жұмыскер» бағдарламасы елдегі өндірістік және инфрақұрылымдық салаларда еңбек ететін азаматтар үшін баспанаға қолжетімділікті арттыруға бағытталған негізгі шаралардың бірі болды.