Жетісу облысының тұрғындары жүргізуші куәлігін алу үшін негізгі емтихан тапсырар алдында алдын ала практикалық емтиханнан өту мүмкіндігі бар. Бұл қызмет Талдықорған қаласы, Шығыс шағын ауданы, Нұрмағанбетов к-сі 28 және Панфилов ауданы, Головацки к-сі 51Б мекенжайы бойынша орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетіледі.
Ағымдағы жылдың басынан бері бұл қызметті 2 мыңнан астам тұрғын пайдаланып үлгерді. Алдын ала практикалық емтиханнан өту - жүргізуші куәлігіне үміткерлерге олардың дайындық деңгейін бағалауға және өз дағдыларын тексеру, қателіктерін анықтау арқылы негізгі емтихан тапсырар алдында қателіктермен жұмыс істеуге көмектеседі.
«Практикалық емтихан кезінде жиі кездесетін қателіктер бұрылыс сигналдарын уақтылы қоспау және тоқтату сызығын кесіп өту болып қала береді. Алдын ала емтиханнан өту негізгі емтиханды тапсыру кезінде осындай қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті өз сөзінде МХҚКО басшысы Советбек Болатханов
Қызмет ақылы және алдын ала жазылу бойынша ұсынылады. Ол үшін «ХҚКО» қосымшасын (Google Play жәнеApp Store қосымшалары арқылы) жүктеу қажет. Ары қарай «Сынақ жүргізу» бөлімінде мемлекеттік биометриялық сәйкестендіру сервисінің көмегімен қажетті деректерді енгізу міндетті. «ХҚКО» қосымшасы арқылы емтиханға жазылу үшін қызметалушы мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, емтиханға қатысу үшін үміткер автомектепте оқудан өтіп, тиісті санат бойынша курсты аяқтау туралы куәлік алуы керек.
Емтихан демалыс күндері: сенбі күндері - 14:00 - ден 18:00-ге дейін, жексенбі күндері-9:00-ден 18:00-ге дейін өткізіледі.