2025 жылы Қазақстанда балалардың терезеден құлауына байланысты қайғылы оқиғалардың күрт өсуі тіркелді. Мәліметтерге сәйкес, Талдықорған қаласында екі жағдай орын алды. Екі бала да ауруханаға жеткізілді. Қайғылы оқиғалар Ұлан және Жетісу шағын аудандарындағы тұрғын үйлерде, сәйкесінше екінші және төртінші қабаттағы пәтерлерде орын алған.
Статистикаға сәйкес, мұндай оқиғалар көбінесе көктемгі және жазғы мезгілдерде жиі кездеседі.
Зардап шеккендердің басым бөлігі - 7 жасқа дейінгі балалар. Терезеден құлау - ересектердің бақылаусыз қалдыруы, терезелерде қорғаныс құрылғыларының болмауы, терезе маңындағы жиһаздың орналасуы, маса торларына қатысты жалған қауіпсіздік сезімі және кішкентай балаларға ересек балалар немесе қарт туыстардың қарауын тапсыру сынды себептерден туындайтын, алдын алуға болатын тұрмыстық қайғылы жағдайлардың бірі.
Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында төтенше жағдайлар басқармасы ПИК және МИБ төрағаларымен бірлесіп, терезелердің тек үстіңгі бөлігін ашуға мүмкіндік беретін арнайы құлыптар мен құрылғыларды орнату жұмыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ, құрылыс нормаларын сақтау және қауіпсіздік шараларын арттыру бойынша құрылыс салушылармен жұмыс жүргізілуде. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауға шақыратын ақпараттық материалдар тұрақты түрде жолдануда. Ұсынылатын алдын алу шараларының қатарында терезеге шектеуіш орнату, терезе маңындағы жиһазды алып тастау және балалармен қауіпсіздік ережелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу бар.