Қанабек ауылында тұрғындар өзекті мәселелерін көтерді

Қанабек ауылында тұрғындар өзекті мәселелерін көтерді

11 наурыз күні Жолбарыс батыр ауылдық округіне қарасты Қанабек ауылында аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі өтті. Кездесуге аудандық бөлім басшылары, тиісті мекемелердің өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты. Жиын ашық диалог форматында өтіп, ауылдың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына қатысты мәселелер талқыланды.
Кездесу барысында тұрғындар елді мекендегі жол инфрақұрылымы мен ауыл шаруашылығына қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Қанабек ауылының тұрғыны, шаруа қожалығының басшысы Бақытжан Асанов ауылдың ішкі көшелерімен жүретін ауыр жүк көліктеріне шектеу қою мәселесін көтерді. Оның айтуынша, ауыр техникалардың қозғалысы ауыл ішіндегі жолдардың бұзылуына себеп болуда. Тағы бір тұрғын, шаруа қожалығының басшысы Ержан Түстікбаев Қанабек ауылындағы Байсейітов көшесіне асфальт төсеу мәселесін және ауыл тұрғындарының жеке малдарына жайылым жер тапшылығы мәселесін көтерді. Сонымен қатар Кәлпе ауылының тұрғыны Берік Молдахметов Киров учаскесіне апаратын жолға қиыршық тас төгу қажеттігін жеткізді. Кәлпе ауылының тағы бір тұрғыны, шаруа қожалығының басшысы Ерлан Манакбаев Рысқұлов көшесіне қиыршық тас төсеу мәселесін қозғады.
Кездесу барысында аудан әкімі тұрғындардың барлық ұсыныстары мен өтініштері назарға алынатынын атап өтіп, жауапты бөлімдерге тиісті тапсырмалар берді. Сонымен қатар көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен қарастырылып, мүмкіндігіне қарай тиісті жоспарларға енгізілетіні айтылды.