Аудан әкімі халықпен кездесулерін жалғастыруда

Аудан әкімі халықпен кездесулерін жалғастыруда

11 наурыз күні Айту би ауылдық округіне қарасты Жасталап ауылында аудан әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуі өтті. Жиынға аудандық бөлімдердің басшылары, тиісті мекемелердің өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында тұрғындар ауылдың инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандарына қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Жасталап ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Дубек Садкулов Абай көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін көтерді. Сонымен қатар ауыл тұрғыны, мұғалім Асель Нұрғалиева Жасталап ауылынан Көкпекті ауылында орналасқан спорт кешеніне оқушыларды тасымалдау мәселесін қарастыруды ұсынды. Ал Құлжабай батыр атындағы орталау мектептің директоры Галия Садуова мектептің спорт залына жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін жеткізді.
Кездесу барысында аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселелердің барлығы назарға алынатынын айтып, жауапты бөлімдер мен мекемелерге тиісті тапсырмалар берді.