Үштөбе қаласында аудан әкімінің халықпен кездесуі өтті

Үштөбе қаласында аудан әкімінің халықпен кездесуі өтті

2026 жылғы 10 наурызда Үштөбе қаласында Ілияс Есенберлин атындағы орта мектеп базасында аудан әкімінің тұрғындармен кездесуі өтті. Жиынға аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары, құқық қорғау органдары мен коммуналдық қызметтердің өкілдері, сондай-ақ ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.
Кездесу барысында аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары мен алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар туралы қысқаша баяндап өтті. Сонымен қатар тұрғындардың ұсыныстары мен мәселелерін тыңдауға ерекше назар аударылды.
Жиын барысында қала тұрғындары тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Үштөбе қаласының тұрғыны Рысқазы Жұмақов Тынышбаев көшесінің соңында стихиялық қоқыс үйіндісінің пайда болуына қатысты мәселені көтеріп, аталған аумақты тазарту және санитарлық жағдайды бақылауға алу қажеттігін айтты. Ал қала тұрғыны, зейнеткер Лидия Шпинева Котовский көшесіне көше жарық шамдарын орнату мәселесін көтерді. Ғалия Мұқашева Қазбек би көшесіндегі №40 және №42 үйлердің ортасындағы ағаштарды кесу қажеттігі туралы өтініш білдірді. Сонымен қатар Лилия Кикимбаева Үштөбе қаласында тұрғындардың тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратын мекемелермен келісімшарт жасау мәселесін реттеу қажеттігін айтты.
Тағы бір мәселе қаладағы қаңғыбас жануарларға қатысты болды. Айжан Қайыпбаева көшелерде қаңғып жүрген иттер мен мысықтардың мәселесін шешу қажеттігін көтерді.
Кездесу барысында аудан әкімі барлық көтерілген мәселелер назарға алынатынын айтып, жауапты бөлімдер мен мекемелерге тиісті тапсырмалар берді.
Жиын соңында тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы мұндай кездесулер халықтың өзекті мәселелерін дер кезінде анықтауға және оларды шешу жолдарын бірлесіп қарастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.