Бастөбе ауылдық округінде аудан әкімінің халықпен кездесуі өтті

Бастөбе ауылдық округінде аудан әкімінің халықпен кездесуі өтті

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер халықпен тұрақты түрде кездесулер өткізіп келеді. Мұндай кездесулер тұрғындармен ашық диалог орнатуға, өзекті мәселелерді талқылауға және оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді.
10 наурыз күні аудан әкімі Ұлан Алдібекұлы Досымбеков Бастөбе ауылдық округіне қарасты Ортатөбе ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында аудан әкімі тұрғындарды ауданның 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларымен таныстырып, 2026 жылға арналған негізгі міндеттер мен басым бағыттар туралы баяндады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және ауданның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері сөз болды.
Жиын барысында ауыл тұрғындары өз ұсыныстары мен сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, Ортатөбе ауылындағы Серегина көшесіне бейнебақылау камераларын орнату, Әуезов көшесіндегі орта жөндеу жұмыстарын аяқтау, сондай-ақ Жылыбұлақ ауылының жастары үшін спорт кешенін салу мәселелері көтерілді.
Кездесу барысында аудан әкімі көтерілген мәселелерге түсініктеме беріп, барлық ұсыныстар мен өтініштер бақылауға алынатынын атап өтті. Жиын қорытындысында аудандық бөлімдер мен қызметтердің басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Кездесу соңында Ұлан Әлдибекұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын төмендетпеу, тұрғындардың өтініштеріне жедел әрекет ету және берілген тапсырмалардың орындалу мерзімдерін қатаң бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.