
1989 жылдың 15 ақпаны — талай ананы перзентінен айырған, мыңдаған жерлесіміз қаза тапқан қасіретті де қайғылы күн. Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 37 жыл толып отыр.
Осы атаулы күнге орай Р. Қошқарбаев атындағы орта мектеп ұжымы, Ескелді ауылдық кітапханасы және Мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Ардагерлер – асыл ерлер» атты кездесу кеші өтті.
Жылдар өтсе де жауынгерлеріміздің өшпес ерлігі ел жадында сақталуда. Бұл күн — Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіп, қыршын кеткен боздақтарды еске алатын тарихи дата ретінде тарихымызға енді.
Шараға Ауғанстанда әскери борышын өтеген интернационалист-жауынгерлер, жерлес ардагерлеріміз Б. Бейсембаев, А. Павлов, Н. Ломаев және А. Медведев қатысып, кездесу бір минуттық үнсіздікпен басталды.
Кездесу барысында ардагерлер Ауған жеріндегі әскери қызметтері туралы, бастарынан өткен сынақтар, жауынгерлердің батылдығы мен төзімділігі жайлы естеліктерімен бөлісті.
Бүгінде жастарымыз сол соғысқа қатысқан азаматтарды Отан алдындағы борышын адал атқарған ерлер ретінде құрметтейді. Оқушылар тарапынан батыр ардагерлерге арнап өлеңдер оқылып, әндер шырқалды.
Шараға барлығы 33 адам қатысты.