
Бүгін Жетісу облысында «Жетісу» волейбол клубының 25 жылдығына және 2025–2026 жылғы спорт маусымында ерлер мен әйелдер командаларының жоғары жетістіктеріне орай волейболшыларға құрмет көрсетілді. Шараға келген жас спортшыларға клуб ойыншыларының қолтаңбасы қойылған мыңға жуық доп таратылып, шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Клуб мүшелерін марапаттап, оларды Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайында өткен салтанатты жиынға ерлер және әйелдер волейбол командалары мен қосалқы құрамдар, спорт ардагерлері, халықаралық турнирлердің жеңімпаздары, жас спортшылар – барлығы 1500-ге жуық адам қатысты.
Спортшыларды мерейтойымен және жеңістерімен облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтап, клуб мүшелеріне алғысын білдірді. Ол өз сөзінде әйелдер командасы осы маусымда ел чемпионы атағын оныншы рет жеңіп алғанын, ал ерлер командасы ел чемпионатын, Кубок пен Суперкубокты иеленгенін атап өтті. Сонымен қатар болашақ спортшыларды тәрбиелеу мен дайындау мәселелеріне ерекше тоқталды.
– Бұл кездесу – ерекше мәнге ие. Биыл кәсіби «Жетісу» волейбол клубының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде клуб жарқын жеңістерге жетіп, мықты тұлғаларды қалыптастырды. «Жетісу» клубы өңіріміздің спорттық мақтанышына, чемпиондар мектебіне және жүйелі дамудың жарқын үлгісіне айналды. Біз тек командаларды дайындап қана қоймай, жыл сайын бәсекеге қабілетті спортшыларды тәрбиелейтін жүйе қалыптастырып келеміз. Алдағы уақытта да спортшыларды дайындауға қолайлы жағдай жасап, инфрақұрылымды жаңғыртып, кәсіби клубтар мен балалар-жасөспірімдер спортын қолдауды жалғастырамыз. Басты мақсатымыз – жергілікті болашақ чемпиондарды тәрбиелеу, – деді Б. Исабаев марапаттау рәсіміне көшіп.
Атап айтқанда, «Жетісу» волейбол клубының бас жаттықтырушысы Марат Адрышев «Құрмет» орденімен марапатталды. Ерлер командасының ойыншысы Айбек Жақсылықов пен әйелдер командасының ойыншысы Валерия Якутинаға Президенттің Алғысы мен төсбелгілері табысталды. Сондай-ақ клубтың бірқатар мүшелері Президент Алғысымен және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Марапат иелері атынан клубтың бас жаттықтырушысы Марат Адрышев сөз сөйледі:
– Көрсетілген құрмет пен марапат үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Бұл біз үшін үлкен мәртебе әрі жаңа жеңістерге жетелейтін күш береді. Сенім білдірген басшылыққа және қолдау көрсеткен ұжымға рақмет. Бұл – баршамыздың ортақ жеңісіміз, – деді ол.
Кездесу барысында жас спортшылар клуб жаттықтырушылары мен ойыншыларына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
Ерлер командасының аналитик-статистигі Марлен Айтжанов өз ойымен бөлісті:
– Мен жасөспірім кезімнен «Жастар» спорт сарайында волейболмен айналыстым. 2016 жылдан бастап «Жетісу» құрамасында ойнадым. Кейін бапкерлік қызметке ауысып, қазіргі таңда құраманың ассистент-статистигімін. Бүгінде Жетісу волейболы қарқынды дамып келеді. Биыл біз чемпионатта, Кубокта және Суперкубокта жеңіске жеттік. Бұл ерлер командасының тарихында бұрын болмаған жетістік. Мұндай нәтижеге тәжірибе, қолайлы жағдай және тынымсыз жаттығу арқасында қол жеткіздік, – деді ол.
Өз әсерімен жас волейболшы Балнұр Ерланқызы да бөлісті:
– Мен Талдықорған қаласындағы №18 мектептің 8 «А» сыныбында оқимын. Волейбол үйірмесіне 5 жылдан бері қатысып келемін. Бүгінде 2012–2013 жылғы жасөспірімдер арасында бірнеше рет жүлделі орындарға ие болдық. «Жетісу» клубының ойындарын тамашалап, олардың жеңістеріне қуанып жүрдік. Бүгінгі кездесуді асыға күттім, қолтаңбасы бар доп алдым. Мұндай кездесулер бізге үлкен мотивация береді. Болашақта мен де осындай мықты спортшы болғым келеді, – деді ол.
Кездесу облыстық Д. Рақышев атындағы филармонияның шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен қорытындыланды.
Айта кетейік, 2025–2026 жылғы маусымда «Жетісу» әйелдер командасы ел чемпионы атағын оныншы рет жеңіп алды. Сонымен қатар Таиландта өткен клубтық Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Ал ерлер командасы ел чемпионы атанып, Кубок пен Суперкубокты жеңіп алды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Дмитрий Ерофеев