
2026 жылғы 9 сәуір күні Елтай ауылдық округінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ауыл тұрғындарға құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру, сондай-ақ азаматтардың өтініштері мен сұрақтарына жауап беру арқылы кері байланысты нығайту болып табылады. Іс-шара барысында аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері және аудандық мекеме басшылары тұрғындарды жеке қабылдап, олардың құқықтық мәселелері бойынша кеңестер берді. Атап айтқанда, жер қатынастары, әлеуметтік көмек алу тәртібі, еңбек заңнамасы, кәсіпкерлік қызметті жүргізу, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, азаматтардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндірмелер берілді. Жекелеген сұрақтар бақылауға алынып, оларды шешу бағытында нақты шаралар қабылданатын болады. Ашық есік күні аясында өткізілген шара тұрғындар тарапынан оң бағасын алып, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара сенімді арттыруға ықпал етті. Алдағы уақытта да осындай форматтағы іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру жұмыстары жалғасын табатын болады.