Елтай ауылдық округінде фельдшерлік-акушерлік пункт салтанатты түрде ашылды

Елтай ауылдық округінде фельдшерлік-акушерлік пункт салтанатты түрде ашылды

2026 жылғы 27 ақпан күні Елтай ауылдық округінде жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің (ФАП) салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған нысан ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қолжетімді етуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып табылады.

Салтанатты шараға Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков қатысып, жиналған қауымды жаңа медициналық нысанның ашылуымен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы ауылдық жерлерде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту – басты міндеттердің бірі екенін атап өтіп, жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғындардың сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік беретінін жеткізді.

Шара барысында ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, лента қию рәсімі өткізілді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары жаңа нысанды аралап көріп, оның материалдық-техникалық базасымен танысты.

Жаңа ФАП заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда қабылдау кабинеті, егу бөлмесі, алғашқы көмек көрсетуге арналған арнайы бөлмелер қарастырылған. Медициналық пунктте білікті мамандар қызмет көрсетіп, тұрғындарға алғашқы медициналық көмек, профилактикалық тексерулер мен кеңес беру жұмыстарын жүргізетін болады.

Ауыл тұрғындары жаңа медициналық нысанның ашылуын зор қуанышпен қарсы алып, бұл бастаманы елді мекеннің әлеуметтік дамуына қосылған маңызды үлес ретінде бағалады.

Елтай ауылдық округінде ашылған фельдшерлік-акушерлік пункт алдағы уақытта халық денсаулығын нығайтуға және сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған жұмыстардың негізгі орталығына айналмақ.