2026 жылғы 27 ақпан күні Елтай ауылдық округінде жаңа мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған нысан ауыл тұрғындарының мәдени-рухани өмірін дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып табылады. Салтанатты шараға Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков қатысып, жиналған қауымды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы мәдениет үйі ауыл тұрғындарының шығармашылық әлеуетін арттыруға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Шара барысында ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, лента қию рәсімі өткізілді. Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздар мен мектеп оқушылары концерттік бағдарлама ұсынып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Жаңа мәдениет үйі заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда көрермен залы, үйірме бөлмелері және мәдени іс-шараларды өткізуге арналған арнайы кеңістіктер қарастырылған. Ауыл тұрғындары жаңа нысанның ашылуын зор қуанышпен қарсы алып, елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қосылған үлес ретінде жоғары бағалады. Елтай ауылдық округінде бой көтерген мәдениет үйі алдағы уақытта ауылдың рухани өмірінің орталығына айналып, түрлі мәдени бастамалар мен игі шаралардың ұйытқысы болмақ
