
2026 жылғы 10 наурызда Ескелді ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылында аудан әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу ашық форматта өтіп, ауыл халқы өзекті мәселелерді тікелей талқылауға мүмкіндік алды.
Жиында аудан әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша баяндап, инфрақұрылымды жаңғырту, жол жөндеу, абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар 2026 жылға жоспарланған жобалар туралы ақпарат берілді. Кездесудің негізгі бөлігі тұрғындардың сұрақ-жауап форматына арналды. Ауыл халқы елді мекеннің инженерлік инфрақұрылымы, жолдардың жай-күйі, абаттандыру және әлеуметтік нысандарға қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе ішкі көшелерді жөндеу, қоғамдық аумақтарды ретке келтіру және ауыл аумағын дамыту мәселелері қозғалды.
Аудан әкімі көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Барлық ұсыныстар кезең-кезеңімен қарастырылып, мүмкіндігіне қарай жоспарға енгізілетінін жеткізді.
Кездесу қорытындысында тұрғындар мен жергілікті билік арасындағы сындарлы диалог ауылдың одан әрі дамуына оң ықпал ететіні атап өтілді.