
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер халықпен тұрақты түрде кездесулер өткізіп келеді. Мұндай кездесулер тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдауға, ұсыныстарын талқылауға және оларды шешу жолдарын бірлесіп қарастыруға мүмкіндік береді.
2026 жылғы 10 наурызда аудан әкімі Ұлан Әлдибекұлы Досымбеков Елтай ауылдық округіне қарасты Қаражиде ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында аудан әкімі тұрғындарды ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырып, инфрақұрылымды дамыту, елді мекендерді абаттандыру, халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жиын барысында ауыл тұрғындары өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Қаражиде ауылының тұрғыны Бекқали Құрманғалиев ұзындығы шамамен бір шақырым болатын бірінші ішкі су ағар каналына лотоктар орнату мәселесін көтерді. Сонымен қатар, Сарыбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Шадет Үркімбеков Қаражиде ауылындағы Т. Әтімов және Жандосов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ ауыл көшелеріндегі жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтты. Тағы бір мәселе ауыл аумағын абаттандыруға қатысты болды. Қаражиде ауылының тұрғыны Көпберген Әтімов бұрынғы Мәдениет үйі мен «Жұлдыз» балабақшасы орналасқан аумақты толық тазалап, тегістеу туралы ұсыныс білдірді.
Кездесу барысында аудан әкімі көтерілген мәселелерге түсініктеме беріп, барлық ұсыныстар мен өтініштер тиісті бақылауға алынатынын атап өтті. Кездесу қорытындысы бойынша аудандық бөлімдер мен жауапты қызметтердің басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Жиын соңында Ұлан Әлдибекұлы мұндай кездесулер тұрғындармен кері байланыс орнатудың маңызды тетігі екенін атап өтіп, халықтың көтерген мәселелерін уақытылы қарастырып, олардың шешілуін бақылауда ұстау қажеттігін айтты.