7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналғансалтанатты шара бойынша ПРЕСС-РЕЛИЗ

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналғансалтанатты шара бойынша  ПРЕСС-РЕЛИЗ

7 мамыр күні Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында, Қаратал өзенінің жағалауында Отан қорғаушылар күніне арналған ауқымды мерекелік іс-шара жоғары деңгейде өтті. Тағылымы мол шараның басты мақсаты – ел қорғаған азаматтарға құрмет көрсету, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу және ұлттық рухты нығайту болды. Айтулы шара  таңғы сағат 09:30-да қонақтарды қарсы алудан басталып, жүргізушінің сәлемдесу сөзімен ашылды. Салтанатты бас қосуда  Қаратал ауданы әкімі отан қорғаушыларды мерекемен құттықтап, ел дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды марапаттады.

Іс-шара барысында кең көлемді концерттік бағдарлама ұсынылып, сахна төрінде ән мен жырдан шашу шашылды. Сонымен қатар, «Жас сарбаздар» әскери сайысында жастар өздерінің ептілігі мен шапшаңдығын көрсетіп, көрермендердің ықыласына бөленді.  Ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, арқан тарту, қол күрес және гір тасын көтеру бойынша қатысушылар өзара бақ сынасты. Көпшілік үшін «Солдат ботқасы» акциясы ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Бұдан әрі  «Жас сарбаздар» сайысының жеңімпаздары марапатталып, мереке концерттік бағдарламамен жалғасты.

Айта керту керек, аталған мерекеге аудан бойынша 20 мектептің оқушылары мен екі колледждің студенттері белсене қатысып, әр команда 10 қатысушыдан құралды. Сонымен қатар, өнерлі жастардың туындылары ұсынылған көрме мен кітап көрмесі ұйымдастырылып, келушілерге рухани әсер сыйлады.

Аудан көлеміндегі бұл мерекелік думанға жиналған көрермен қарасы көп болды. Елдік пен бірлікті дәріптеген айтулы шара көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, патриоттық рухты асқақтатты.