
Қаратал ауданының төтенше жағдайлар бөлімі ескертеді.
Ауа райы температурасының жоғарылауына байланысты сіздерден мұржаларды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды сұраймыз.
Жеке тұрғын үйлерде өрттің шығуын болдырмау және улы газдан уланудың алдын алу үшін пешпен жылыту жүйесінің жарамдылығын үнемі бақылап отыру қажет.
Жыл сайын суық мезгіл басталар алдында және жылыту маусымы кезінде айына бір рет мұржалардың және жылыту жүйесінің басқа да элементтерінің жағдайын тексеру маңызды.
Мұржаны күйеден тұрақты түрде тазалау – оны дұрыс ұстаудың негізгі талаптарының бірі екенін есте сақтау қажет.
Мұржаны тексеру
Бұл жұмысты күндізгі уақытта жүргізген дұрыс. Пешті жаққаннан кейін шатырдағы мұржаларды тексеру қажет. Егер жарықтар болса, сол жерлерден түтін шығады. Анықталған жарықтарды дереу жою қажет.
Пешпен жылыту жүйесінде мұржаларды уақытылы тексеріп, жарықтарды анықтау үшін оларды үнемі әктеп (ағарту) отыру керек. Ақ түсті мұржаның бетінде шайыр мен күйеден қалған қара дақтар оңай байқалады.
Пешті пайдалану
Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып, келесі ережелерді орындау қажет:
– жағылып тұрған пешті үнемі бақылауда ұстау және оны қарауды ешқашан кішкентай балаларға тапсырмау;
– оттық алдындағы металл табақтың үстіне жанғыш және тез тұтанатын заттар мен материалдарды қоюға тыйым салынады;
– пешті жағу үшін жанғыш және тез тұтанатын сұйықтықтарды қолданбау;
– пешті тек соған арналған тиісті отын түрлерімен ғана жағу.
Өз мүлкіңізді, өзіңізді және жақындарыңыздың өмірін сақтаңыз!