Департамент қызмет алушылардың құқығын қалпына келтірді

Департамент қызмет алушылардың құқығын қалпына келтірді

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті қызметінің басым бағыттарының бірі - көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және халықтың сапалы қызмет алуын бақылау болып табылады.

2025 жылы жүргізілген қашықтан бақылау, жоспарлы және жоспардан тыс  тексеріс нәтижесінде 645 азаматтың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Аталған жұмыс тұрақты түрде бақылауда және жалғасын табуда.

Ағымдағы жылы да жоспардан тыс тексеру нәтижесінде қызметалушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Мысалы, Жаркент қаласының тұрғынына жер учаскесіне құқық беру туралы шешімнің уақтылы шығарылмағаны анықталды.

Департамент сұрау салу негізінде жүргізген тексеріс барысында мемлекеттік қызмет көрсету ережелерінің бірінші кезеңіне сәйкес барлық келісу рәсімдерінен өткенімен, түпкілікті шешімге заңсыз түрде қол қойылмағаны белгілі болды. Анықталған заңбұзушылық қызмет көрсету тәртібінің сақталмауына қатысты болғандықтан, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

Департаменттің араласуымен мәселе оң шешімін тауып, қызмет алушыға жер учаскесі берілді. Өз кезегінде, заңбұзушылыққа жол берген жауапты лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл жағдай қабылданған шаралардың тиімділігін, сондай-ақ заңдылық пен әділдік қағидаттарына адалдықты айқын көрсетеді. Қызмет алушылардың құқықтарын қорғау, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету - Департамент жұмысының басты басымдығы болып қала береді.