
Кеңес әскерлерінің Ауғаныстан жерінен шығарылған күніне орай Алмалы ауылдық кітапханашыларының ұйымдастыруымен "Ұрпаққа үлгі болған ерлік" атты тақырыпта Ауған соғысының ардагері Тілеубай Мұрат Қалиұлымен кездесу кеші өтті. Кездесуді кітапханашы жүргізіп, Ауған соғысында қайтыс болған жауынгерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алды. Ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқастарға қатысып, батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестеріміз қаншама. Солардың бірі, Ауған соғысының ардагері Мұрат Қалиұлы Ауғаныстандағы әскери қызметі туралы естеліктерімен бөлісті. Шара жауынгер - интернационалистің әңгімесі дембель альбомынан алынған фотосуреттер бейнероликпен толықтырылды. Кездесу кешіне Абай атындағы орта мектебінің оқушылары қатысып, сұрақтар қойды. Кездесу барысында мектеп оқушылары бейбітшілік, достық туралы патриоттық әндер шырқады. Шараға қатысушыларға фотоальбомдар, ауған соғысы жауынгерлері туралы мерзімді басылымдардан мақалалар ұсынылып, ауған жолдарымен өткен сарбаздардың ерліктері туралы баяндайтын кітап көрмесі жасақталды. Бүгінгі кездесу - ерлікке тағзым, бейбітшілікке құрмет. Ардагерлердің ерлігі - мәңгі ел жадында! - деп кітапханашы кешті қорытындылап өтті.