Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Алакөл ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтылды.
«Отбасы банк» АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры Жасұлан Құрманғалиевтың айтуынша, осы жылдың мамыр айынан тұрғын үй кезегіне қою және үй беру міндеті «Отбасы банк» АҚ-ға жүктеліп отыр. Бұған дейін үй алу кезегі Kezekte.kz цифрлық платформасы арқылы жүргізілсе, енді бұл orken.otbasybank.kz порталына көшірілуде.
Бүгінге дейін порталды техникалық тұрғыдан жетілдіру, азаматтардың кезегі, яғни бұрынғы базаны жаңа жүйеге көшіру, талдау жұмыстары жүргізілді. Алдағы 1 тамыздан бастап жаңа жүйе іске қосылады.
-Жалпы тұрғындарға жалдамалы және несиелік үйлер беріледі. Несиелік үй беру бұрынғы қалыптасқан ережелер негізінде іске асырылса, жалгерлік үйлер беруде адамның кезекте тұрған күні негізге алынады. Жалдамалы үй алатын азаматтарға төлем қабілетін растаудың қажеті жоқ. Жалдамалы баспананың 70 %-ы әлеуметтік осал топтарға беріледі. Ендігі жерде азаматтарға тұрғын үй кезегі үшін жергілікті әкімдіктерге барудың қажеті жоқ, «Отбасы банк» филиалына жүгінуі керек. Біз бұл туралы толыққанды түсіндіру үшін облыстың барлық аудан-қалаларын аралауды жүйе іске қосылатын 1 тамыздан бастаймыз, - деді Жасұлан Құрманғалиев.
Атап өтсек, Алакөл ауданында бүгінгі күні кезекте 1 674 адам тұр. Аталған мәселені шешу мақсатында кезең-кезеңімен нақты жұмыстар атқарылуда. Биылғы жылы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 100 жалдамалы тұрғын үй құрылысы жүргізілуде, осы жылдың аяғына дейін беріледі.