
2026 жылғы 11 наурызда Балпық ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылында аудан әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуі өтті. Кездесуге аудандық бөлімдердің басшылары, тиісті қызмет өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиын барысында тұрғындар ауылдың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Жазира Есбосынова ауылдағы бұрынғы балабақша ғимаратының есік-терезелерін қоршау қажеттігін айтты. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл ғимаратқа оқушылар мен жасөспірімдер кіріп, қауіпсіздікке байланысты түрлі қауіптер туындауы мүмкін. Сонымен қатар Орынбасар Балтанова «Реголит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл маңында лоток орнату жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтіп, лотоктың төмен орналасуына байланысты жеке тұрғын үйлердің бау-бақшасын суару үшін судың жеткіліксіз болуы мүмкін екендігін жеткізді. Кездесу барысында ауыл тұрғыны Баяхмет Мырзахметов атқарылып жатқан жұмыстарға алғыс білдіріп, Жаңаталап ауылындағы ашық стадионда қураған ағаштарды санитарлық кесу және олардың орнына жас көшеттер отырғызу туралы ұсынысын айтты.
Аудан әкімі көтерілген барлық мәселелер назарға алынатынын атап өтіп, жауапты бөлімдер мен мекемелерге тиісті тапсырмалар берді. Кездесу барысында тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері алдағы уақытта жүзеге асырылатын жұмыстарды жоспарлау кезінде ескерілетіні айтылды.