Кел, оқиық, балалар Бүгінгі бала - ертеңгі ел болашағы

Кел, оқиық, балалар  Бүгінгі бала - ертеңгі ел болашағы

  Бүгінгі бала - ертеңгі болашақтың иесі. Біз кемел келешекті балалардан көре аламыз. Биыл елімізде «2021 жылы -  Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жарияланды. Қапшағай аймағында балаларға арналған кітапхана жоқ. Дегенмен қалалық кітапхана көпшілік кітапхана ретінде балалар мен жасөспірімдерге де кітапханалық қызмет көрсетеді. Жақында қалалық кітапханада 2021 жылы -  Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы мен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай балалар әдебиеті бөлмесінің ашылу шарасы өтті. Балаларға арналған рухани орын Президент мақаласын қолдау және балаларды кітап оқуға ынталандыру, балалардың оқу мәдениетін қалыптастыру, балалар әдебиетінің маңызы мен ерекшелігін айқындау мақсатында қолда бар мүмкіндікті пайдаланып және жергілікті әкімшілік пен демеушілердің қолдауының арқасында ашылды. Бөлме жас оқырмандардың көңіл-күйіне ерекше әсер ететін түстермен безендіріліп, кітап үйшіктері, оқу ағашы, витриналары, белгілі балалар авторларының портреттері, кітап оқудың пайдасы туралы стендтер, ертегілер кейіпкерлерінің суреттері қойылды.

  Бөлменің ашылу рәсімінде Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Еркінұлы Балғабаев, Қапшағай қалалық мәслихатының хатшысы Сәуле Қайырлықызы Нұрсолтанова, С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының директоры Ғалия Сламбайқызы Тоқабаева құттықтауларын білдірді. Облыстық кітапхана басшысы кітапханаға жаңадан жарық көрген «Құлыншақ» атты 2 томдық Жетісулық балалар жазушыларының антологиясын сыйға тарту етті. Сонымен қатар Қапшағай қалалық кітапханасының директоры Назым Халелқызы Кенжебековаға Қазақстандық Кітапханалық Одағының «Қазақстанның Құрметті Кітапханашысы» төсбелгісін табыс етті.

  Кітапхана жанашырлары қала мешітінің имамы Алдажар Сейітұлы, кәсіпкер  Мұратбек Амантайұлы  Сергебаев пен Ержан Жамалбекұлы игі тілектерін білдіре отырып, кітапханаға бағалы сыйлықтарын табыс етіп, жас оқырмандарды қуантты.

  Бөлме  балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және рухани даму ортасы болады деп күтілуде. Шараға қатысқан Қазақстан Республикасының Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Қапшағай қаласының құрметті азаматы А.Жақиянова мен ақын, республикалық  және облыстық байқаулардың жеңімпазы Б.Байловтар кітап қазынасын, асыл мұраларды оқыған балалар еліміздің жарқын болашағы болатынына сенім білдіре отырып, ұлттық мәдениеттің негізін сақтаудың, ана тілінің байлығын арттырудың, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың ең қуатты құралы - әдебиет екені туралы жақсы ойларын білдірді.

  Шараға қатысқан Мәдениет үйінің әншісі А.Бекбосынова, «Ақсезім» студиясының түлегі Е.Пантелеева, А.Асқарқызы, «Гүлдер» балабақшасының бүлдіршіндері, №3 ОМ оқушысы А.Әлімжан өз өнерлерімен келушілерді тәнті етті.

  Ұлтымыздың мерейі, қоғам мен мемлекетіміздің өркенін өсіруде қыруар пайда келтіретін осынау рухани қазына - кітап. Кітап оқитын бала бүгін  – табысты оқушы, ал ертең – қалыптасқан тұлға! Ашылып отырған балалар әдебиеті бөлмесі балаларды жан-жақты дамытуға, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндіктер береді.

 

Даража Жолымбетова,

Қапшағай қалалық кітапханасының бөлім меңгерушісі