Қазақстан – татулық пен келісім, бірлік пен достық мекені. Халқымызда «Бірлік бар жерде - тірлік бар» деген асыл сөз бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында «Бірлігіміз бен ынтымағымыз мығым болса, барлық қиындықты жеңіп, мақсатымызға жетеміз.» - деп атап өткен болатын. Осы орайда, баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мерекенің Елімізде өзіндік ерекше орны бар. Ежелден қазақ елі мейірімділік пен татулықты, қомқорлық пен адамгершілікті асыл қасиеттердің бірі ретінде тұтқан. 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгінде бұл бірегей институт еліміздегі барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен ел дамуының мақсатына айтулы үлес қосып келеді.
Қазіргі уақытта барша әлемге Еліміз Тәуелсіз, өзінің стратегиялық мақсаттары бар, қарқынды даму жолындағы мемлекет болып танылған. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістігі – халық бірлігі мен ынтымағының жемісі.
Бүгінде Қазақ Елі 130 этнос пен 17 конфессияның өкілдері үшін туған Отанына айналды. Осындай достықта Қапшағайда бүгінгі күні 30-дан аса ұлт өкілі, жалпы 61 мыңға жуық халық жарасымды өмір сүруде. Оның ішінде 64,7% қазақтар, 28,2% орыстар, 2,2% кәрістер және 5% өзге ұлт өкілдері. Қаламызда корей, славян, ұйғыр этномәдени бірлестіктері өз жұмыстарын кеңінен атқарып, қоғам арасында рухани даму жолында өз үлестерін қосуда. Міне, осындай ауызбірліктің арқасында Қапшағай қаласында қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық қалыптасты. Бұл біздің ең маңызды байлығымыз! Алдағы уақытта баршамыз бүгінгі індетпен байланысты қиыншылықтарды жеңіп, бұдан биік жетістіктерге жететінімізге кәміл сенемін!
Қазақстан Халқы бірлігі мерекесінде баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға береке, мол бақыт тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Береке - бірлігіміз арта берсін!