«Ғасыр ақыны-Мұқағали»

«Ғасыр ақыны-Мұқағали»

Қазақ поэзия əлеміне шетсіз- шексіз кеңістік пен көз сүрінген биіктік əкелген  және құдіретті қарапайымдылықпен «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып, өзіне қайтарған»  әйгілі ақын Мұқағали Мақатаевтың биыл 90 жылдығы тойланылды. От жүректі ақын 1931 жылы ақпан айының 9-ы күні, Алматы облысы, Нарынқол ауданының Қарасаз ауылында  дүниеге келген. 

Ақиық ақын балаларға арналған өлеңдері мен ән мәтіндерін қоспағанда  барлығы  971 өлең  мен 14 поэма жазған екен. Соның ішінде жадағай публицистикаға толысы -- 49 өлең, өлең туралы жазылған өлеңдері - 36, тікелей арнау өлеңдері --15, ақынның  өз бетін, өз қолтаңбасын көрсететін негізгі өлеңдері -- 51, ал қалған 820-дай өлеңі табиғат, қоғам, адамгершілік, достық, жолдастық, сүйіспеншілік  туралы өлеңдері бар. Мұқағали Мақатаевтың  бірқатар  өлеңдері әсем әуезді әнге айналған.  Оған  Нұрғиса Тілендиев, Дәнеш Рақышев, Шәмші Қалдаяқов, Ілия Жақанов, Алтынбек Қоразбаев, Тынышбай Рахимов,  Мұхамеджан Рүстемов, Төлеген Мұхамеджанов, Әбиірбек Тінәлиев, Бейбіт Оралұлы, Табыл Досымов, тағы басқа сазгерлер ән жазған.

Қапшағай қалалық мәдениет үйі мен Арна ауылдық клубы бірлесіп, М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай онлайн ән байқауын және  онлайн әдеби-сазды  кешін ұйымдастырып өткізді.  Әдеби-сазды кеш барысында М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Ана сен бақыттысың», «Есіңе мені алғайсың», «Сәби болғым келеді», «Сары ала қаз», «Мен деп ойла», «Бақытыңды жырлайды» әндер шырқалып, ақынның  келесі өлеңдері мәнерлеп оқылып, көрініспен әсемделді, олар: «Махамбеттер, Абайлар –ай», «Аршалы сай», «Не келіп не кетпеген бұл ғаламда?!», «Аттандырып тым тәтті сәттерімді».

Ақиық ақынның поэзиясы көптің ерекше махаббатына бөленді. Жылдар тізіліп өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғалана, биіктей түседі.  «Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали жырлары жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға жалғаса беретіні анық.

 

Авторы:А.Бисенгалиева - Қапшағай қалалық мәдениет үйінің әдіскері