Биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 7,6 млрд. теңгені құрап, 54,4%-ға өскен. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданы тұрғындарымен кездесу өткізінде айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Үшарал қаласындағы Зейнеп Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінде өткен кездесуде облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндап, атқарылған шаралар жайынан хабардар еткен өңір басшысы ауданның халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарының жетістіктері мен өзекті мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Мәселен, өнеркәсіп секторында биылғы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 7,6 млрд. теңгені құрап, 54,4%-ға өсім байқалған. Жыл басынан бері ауданға 43,2 млрд. теңге инвестиция тартылды, былтырғы жылмен салыстырғанда 1,2 есе өсім бар. Тартылған инвестициялардың 73,1%-ы немесе 39,6 млрд. теңгесі жеке инвестициялар есебінен. 2028 жылға дейінгі ірі жобалар арасында Достық станциясындағы «Достық Транс Терминал» серіктестігінің көпфункционалды жүк тиеу терминалының және «Депо қызметі» серіктестігінің вагон жөндеу станциясының құрылысы бар. Сонымен қатар, өткен жылдан бері жүріп жатқан «Достық – Мойынты» теміржол желісінің құрылысы биыл аяқталады.
Ауданда биыл жылы егіс алқабы - 80 мың гектар. Қазір күздік бидайды ору жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ретте өткен жылы пайдаланылмай жатқан 43,8 мың гектар мемлекет қорына қайтарылса, жыл басынан бүгінге дейін 6,4 мың гектар қайтарылды. Осы орайда облыс басшысы аудан әкіміне жер бөлу конкурстарын заң тәртібін қатаң сақтай отырып өткізуді тапсырды.
- Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге деген шаруашылықтардың сұранысы жоғары. Сондықтан қайтарылған жерлерді қайта айналымға енгізу жұмысын белсенді қолға алуды тапсырамын. Конкурстық комиссия мүшелері әділ жұмыс істеп, конкурстарды қатаң түрде заң аясында өткізуі қажет, - деді Бейбіт Исабаев.
Өз баяндамасында өңір басшысы сапалы ауыз сумен, жылумен қамту сияқты өзекті мәселелерге де тоқталды. Сол сияқты жол инфрақұрылымын дамыту іс-шараларын баяндай келе, облыс әкімі «Қабанбай-Көктұма» автожолының 20-40 шақырым учаскесінің жөндеу жұмыстарына жауапты мердігер компания «ЗаРа Гранд» ЖШС мен «Қабанбай - Лепсі» автожолының 20 шақырымын жөндейтін «АБЗ Карьер-ДРСУ» ЖШС өкілдерінен жұмыс кестесінен неге кешеуілдеп жатқандарын сұрады.
- Жобаның жүзеге асырылу барысына жергілікті мәслихат депутаттары, ақсақалдар кеңесі, қоғамдық ұйымдар да атсалысып, қоғамдық бақылау жүргізуі керек, және жолдың сапалы жасалуын тиісті басқарма басшылары қатаң бақылауға алсын. Мердігер ұйымдар жол құрылысын белгіленген уақытында жасап өткізуі тиіс. Олай болмаған жағдайда заң аясында шара қабылдайтын боламыз, - деп қатаң ескертті облыс басшысы.
Сол сияқты аудан экономикасының басты бағыттарының бірі туризм саласының да аяқалысына тоқталды. Жалпы облыс құрылған сәттен бастап Алакөл ауданы бойынша туризм саласын дамытуға 12,3 млрд. теңге бөлінсе, соның 9 млрд, теңгесі биыл қарастырылып отыр.
Мұнан соң аудан тұрғындарымен былтырғы қыркүйек айында болған кездесуде проблемалық мәселелердің қалай шешілгенін айтып өтті. Соның ішінде Үшарал қаласындағы №2 әскери қалашыққа 8 жарықтандыру бағаны қойылған. Қабанбай–Достық аралығындағы жоғары кернеулі электр желісіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда Достық ауылына электр энергиясы үздіксіз берілуде. «Алматы-Өскемен-Арқарлы» автомобиль жолының 59 шақырымына жасалып жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстары қарашада, «Қабанбай-Көктұма» автокөлік жолының 20-40 шақырымындағы орта жөндеу жұмыстары желтоқсан айына дейін бітеді
- Аудан өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі жоспарланған көрсеткіштерді орындап, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Мұның бәрі – сіздердің бірлесіп істеген еңбектеріңіздің нәтижесі. Алакөл ауданы желдің өтінде, шекараның шетінде тұрған аймақ. Сонымен қатар ауданның даму мүмкіндігі де, әлеуеті де мол. Ең бастысы, бөлінген бюджет қаражатын уақытылы, сапалы игеріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы орын алған кемшіліктерді жою жөнінде дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдау керек, - деді сөзін қорытындылаған Бейбіт Исабаев.
Баяндамадан соң аудан тұрғындары өңір басшысына өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Сауалдар негізінен ауыларалық жолдардың жөндеу, жерді игеру мәселелеріне қатысты болды. Оларға қатысты тиісті басқарма басшылары мен аудан әкіміне тапсырмалар берілді.
Атап өтсек, осы күні Бейбіт Исабаев аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға 4 адам кірді. Олар сөз еткен тұрғын үй, оқу гранты, еңбекақысын өндіріп алу мәселелерінің заң аясындағы шешімі түсіндіріліп, оларға қатысты қажетті шаралар қабылдау тиісті лауазымды тұлғаларға міндеттелді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай