
Жетісу облысы құрылғаннан бері Қаратал ауданында 23 жаңа әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Соның 10-ы – денсаулық сақтау, 4 – мәдениет, 7 – спорт, 2 – білім беру саласына тиесілі. Сонымен қатар 8 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Үштөбе қаласында 30 орындық жатақханасы бар гуманитарлық колледж, ал Ортатөбе ауылында Панфилов атындағы орта мектеп жаңадан салынды. Сонымен қатар Кемел Тоқаев, Жамбыл атындағы және Кәлпе, Тастөбе орта мектептері мен Бастөбе сервистік-техникалық колледжі күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, 8 мектепке - Бикен Римова, Қанабек Байсейітов, Жұбан Молдағалиев, Максим Горький, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы және Жылыбұлақ, Елтай және Жаңаталап орта мектептеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды.
Мәдениет саласында да ілгерілеу байқалады. Соңғы үш жылда Кәлпе, Ескелді, Жаңаталап ауылдарында мәдениет үйлері, сол сияқты аудандық тарихи-өлкетану музейі салынды. Көкпекті ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, қазір Тастөбе ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде.
Спорт саласының инфрақұрылымын жақсартуда да айтарлықтай нәтиже бар. Аудан бойынша 7 жаңа спорт кешені бой көтерді. Олар Тастөбе, Кәлпе, Көпбірлік, Ескелді, Жаңаталап, Алмалы ауылдарында орналасқан, оған қоса Кәлпе ауылында жеке инвестор есебінен салынған үстел теннисі орталығы бар. Жыл соңына дейін Қаражиде, Көкпекті ауылдарындағы спорт кешендері, сондай-ақ Үштөбе қаласында бокс пен дзюдо орталықтары іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Ал денсаулық сақтау саласында соңғы үш жылда 10 жаңа медициналық нысан салынды. Атап айтқанда Үштөбе қаласында және Алмалы ауылында дәрігерлік амбулаториялар, Көкпекті, Оян, Қызылжар ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер, Қарақұм, Үшкөмей, Дөңші, Жасталап ауылдарында медициналық пункттер, Үштөбе қаласында 103 жедел жәрдем орталығы тұрғызылды. Аудандық орталық аурухананың үш корпусына күрделі жөндеу жасалды.
– Оян ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің салынғанына өте қуаныштымыз. Бұған дейін дәрігерге қаралу үшін көрші ауылға баруға тура келетін. Қыста жол қиын, жазғы ыстықта да қолайсыздықтар болатын. Енді өз ауылымызда медициналық көмек алу мүмкіндігі туғанына ризамыз, - деді Оян ауылының тұрғыны Ринат Қамаров.
Атап өтсек, қазіргі таңда Қаражиде, Ортатөбе, Қанабек ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер салынуда. Сонымен қатар Жаңаталап ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Жалпы аудан көлемінде 9 жаңа нысанның құрылысы жүргізілуде үстінде, соның 4-еуі – денсаулық сақтау, 4 – спорт, 1 – мәдениет саласына тиесілі.
- Әлеуметтік нысандарды салу мен жаңғырту жобаларын іске асырудың арқасында Қаратал ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту деңгейі 28,3%-ды құрады. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының өмір сүру сапасының жақсаруына тікелей әсер етуде. Себебі әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту медициналық көмек алуға, еркін білім алуға, мәдени демалысқа деген мүмкіндікті арттырып, жалпы алғанда негізгі қызметтерге деген қолжетімділікті нығайта түседі. Сонымен қатар тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы ауданның экономикалық өсіміне де оң ықпалын тигізеді, – дейді Қаратал ауданының әкімі Ұлан Досымбеков.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Жеңіс Ысқабай,
cол сияқты фотосуреттерді Қаратал ауданының әкімдігі ұсынды.