Соңғы үш жылда Жетісу облысының Көксу ауданында 20 әлеуметтік нысан салынып, 3-еуі жөндеуден өтті, атап айтқанда олар - білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт нысандары. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуі барысында белгілі болды, - деп Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Білім беру саласына тоқталсақ, былтырғы кездесуде Балпық би ауылына 600 орындық жаңа мектеп салынатыны айтылған болатын. Бүгінгі күні бұл мектептің жобалау-сметалық құжаттамасы дайын, мемлекеттік сараптамадан өтті, келесі жылға қаражат бөлу үшін республикалық бюджетке өтінім берілді. Сол сияқты Бозтоған ауылындағы Мұсабек атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Құрылыс жұмыстары келесі жылдың ақпан айында аяқталады.
Денсаулық сақтау саласында былтыр ПЧ-45 және Кеңарал ауылдарында блокты-модульдік медициналық пункттер тұрғызылған. Ал биыл «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде Қызылтоған, Бесқайнар, Жетіжал, Қаратал ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттердің құрылысы аяқталды. Балпық би ауылында блокты-модульдік жедел жәрдем медициналық станциясы жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Сондай-ақ З.Тамшыбай ауылындағы дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Оған қоса соңғы екі жылда Ақтекше, 3.Тамшыбай, Алғабас, Айнабұлақ, Көксу ауылдары мен Көксу аудандық орталық ауруханасына 6 санитарлық автокөлік сатып алынды. Аудандық орталық аурухана жыл соңына дейін керекті жабдықтармен қамтамасыз етіледі.
Мәдениет және спорт салалары да назардан тыс қалған жоқ. Жарлыөзек ауылдық мәдениет үйі салынуда, осы жылдың желтоқсан айында қолданысқа беріледі. Сондай-ақ биыл Мұсабек ауылында блокты-модульдік клуб орнатылып, Талапты ауылдық мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
- Алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғасын тауып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға арналған нақты және жүйелі шаралар жүзеге асырылатын болады, - деді Б. Исабаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жеңіс Ысқабай,
Сол сияқты фотосуреттерді Көксу ауданының әкімдігі ұсынды.