Жетісу облысында Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында 65 отбасы баспаналы болды

Жетісу облысында Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында 65 отбасы баспаналы болды

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Жетісу облысында 65 отбасы баспаналы болды. Әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға арналған жаңа жеке тұрғын үйлердің кілттері Талдықорған қаласында табысталды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысының атынан жаңа қоныс иелерін қала әкімі Ернат Бәзіл құттықтады:

- Облыс басшылығының қолдауымен Талдықорған қаласында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. 2024-2025 жылдары «Береке» коттедж қалашығындағы 204 үйді талапқа сәйкестендіру бойынша тиісті шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде өткен жылы 97 үй пайдалануға берілді. Ал бүгін тағы 65 отбасы қоныс тойын атап өтуде. Қалған 42 коттеджді алдағы уақытта береміз. Тұрғындарды жайлы әрі қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады. Баршаңызды келе жатқан Мемлекеттік рәміздер күнімен және қоныс тойымен құттықтаймын. Елімізде тыныштық, әр шаңырақта бақ-береке болсын, - деді қала әкімі.

Өз кезегінде жаңа баспана иелері де қуаныштарымен бөлісті.

Көпбалалы ана Райхан Алматбаева:

- Бүгін біздің отбасымыз үшін көптен күткен қуаныш. Мереке қарсаңында жаңа үйдің кілтін алып отырмыз. Біз тұрғын үй кезегінде 10 жылдан астам уақыт тұрдық. Өз баспанамызға ие болғанымыз балаларымның жарқын болашағы үшін аса маңызды деп есептеймін. Барлық қоныс иелерін құттықтап, көрсетілген қамқорлық пен қолдау үшін алғысымды білдіремін, — деді ол.

Жаңа үйге қол жеткізгендердің бірі Әсел Құсайынова да ой қосты :

- Жол апатына түскеннен кейін денсаулығыма байланысты біршама қиындықтарды бастан өткердім. Тұрғын үй кезегінде шамамен 14 жыл тұрдым. Бүгін менің өмірімдегі ерекше қуанышты сәттердің бірі, өз баспанама қол жеткізіп отырмын, - деді ол.

Атап өтсек, өткен жылы Талдықорған қаласында жалпы көлемі 175 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал биыл тұрғын үй кезегінде тұрған 1400 азаматты баспанамен қамту жоспарланып отыр.

Жалпы Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде жалпы көлемі 1,4 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Соның нәтижесінде 10 833 отбасы жаңа қонысқа ие болды.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Олжас Құрмашев