Талдықорған қаласында ҚР Энергетика министрлігінің, «QazaqGaz» АҚ-ның, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің, әкімдік, қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарының және газ тарату мекемелері мамандарының қатысуымен алқалы жиын өтті. Онда тұрғындарға табиғи газды тұрақты жеткізудің жолын жетілдіру мәселелері талқыланды.
Айтылған мәліметтерге қарағанда, соңғы 10 жылдың ішінде еліміздің ішкі газ тұтыну деңгейі 80%-ға өскен. Осыған орай «QazaqGaz» АҚ-ның өкілдері тұрғындарға берілетін газдың бөлшек бағасы өзіндік құнынан мүлдем төмен екенін алға тартып, мұндай арзаншылық ұлттық оператордың жұмысын тежеп, саланы жаңғыртуға салынатын инвестицияға кедергі келтіріп отырғанын жеткізді.
Жиында сөз алған ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов:
– Біздің басты мақсатымыз – мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігін алдағы ондаған жылдарға қамтамасыз ету. Сондықтан қазіргі газдандыру саласындағы жағдай жүйелі реформаларсыз ешқандай ілгерілеудің жүрмейтінін және тұтынушы атаулыға көгілдір отынның толығымен жетуі қиындайтынын көрсетеді. Сол себепті, инфрақұрылымды түгелдей жаңартуға септігін тигізетін, геологиялық барлау жүргізуге инвестиция құюға мүмкіндік беретін, түптеп келгенде Қазақстан Республикасының барлық газ жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететін экономикалық шарттарды ұсынатын кешенді шараларды жүзеге асырамыз, – деді.
Кездесуге қатысушылар жүргізілетін реформалар туралы сұрап біліп, өзекті мәселелердің түйінін тарқатты. Яғни, ең алдымен газ тасымалдау инфрақұрылымы, оның ішінде магистралды газ құбырлары мен компрессорлық стансылар толығымен жаңартылып, көгілдір отын өткізу мүмкіндігі ұлғаяды.
Осы реформалармен қатар, құны жоғары сапалы өнім (полиэтилен, пропилен) шығарытын жаңа газ өңдеу зауыттарының құрылысы да жүргізіледі. Онда тұрақты жұмыс орындары ашылады. Одан бөлек, газ бармаған шалғайдағы елді мекендерге көгілдір отын жеткізуге және әбден тозығы жеткен газ тарату желілеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге баса назар аударылады.
ҚР Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша.