Құрылыс өндірісіне қатысушыларға қатысты әкімшілік материалдарды қарау бөлігінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер енгізілді
Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ҚР ӘҚБтК) 20-бабында сәулет, қала құрылысы, құрылыс қызметі және тұрғын үй қатынастары саласындағы белгіленген нормалар мен қағидаларды бұзу арқылы жасалатын әкімшілік құқық бұзушылық құрамдары айқындалған.
Аталған құқық бұзушылықтар мемлекет мүддесіне – қала құрылысы саласындағы саясатты іске асыру, құрылыс-монтаждау жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ жеке тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне де зиян келтіреді.
Санкциялар тек сәулет, қала құрылысы, құрылыс қызметі және тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік нормативтерді бұзғаны үшін де қолданылады.
Құрылыс саласында нормативтік-техникалық құжаттардың (ҚНжЕ, ҚН, СП, РДС, ГОСТ, СТ және т.б.) ерекше рөлін атап өткен жөн. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы № 1509 қаулысымен бекітілген құрылыс саласындағы нормативтік базаны реформалау тұжырымдамасына сәйкес, құрылыс саласындағы нормативтік база екі жарым мыңнан астам бірліктен тұрады.
Салдарынан, 20-бөлімнің он бес бабының жеті бабы құрылыс саласындағы бұзушылықтарға арналған (312–316, 318, 319-баптар), үш бабы (317, 317-1, 321-баптар) – сараптамалық және инжинирингтік қызметтерге арналған, ал келесі бағыттарға бір-бір баптан тиесілі:
- инженерлік-техникалық қызметкерлерді аттестаттау;
- үлестік құрылыс және тұрғын үй қатынастары;
- қайта жабдықтау және қайта жоспарлау;
- объектілерді пайдалану;
- уәкілетті тұлғалардың жүктелген міндеттемелерін орындамауы.
Бастапқы редакцияда 20-бөлім он екі баптан тұрған, алайда 2015 жылғы 28 қазандағы № 366-V ҚР Заңымен (сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы) 317-1, 317-2, 323-1-баптармен толықтырылған.
Негізгі құқық бұзушылар – жобалау, құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындайтын, құрылыс материалдарын, конструкциялар мен бұйымдарды өндіретін, тапсырыс беруші немесе мердігер болып табылатын кәсіпкерлік субъектілері.
Сондай-ақ, құқық бұзушы ретінде лауазымды тұлға да болуы мүмкін. Мысалы, 323-1-бабы бойынша, жергілікті атқарушы органдардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі бөлімдерінің лауазымды тұлғалары мен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органдары жалғыз құқық бұзушылар болып табылады. Сонымен бірге, 20-бөлім бойынша құқық бұзушы ретінде тек лауазымды тұлғалар мен кәсіпкерлік субъектілері ғана емес, сонымен қатар қарапайым азаматтар да болуы мүмкін.
20-бөлім бойынша ең көп қолданылатын әкімшілік жаза – айыппұл. Сонымен қатар, 313, 314, 316, 317, 320-баптарда рұқсаттар мен жұмыстарды тоқтата тұру, 312, 313, 314, 317-1, 317-2-баптарда куәліктен айыру, ал 319-бапта заңсыз салынған объектіні мәжбүрлеп бұзу көзделген. Аталған шаралар заң бұзушыларға экономикалық әсер ететін тиімді жазалау құралы болып табылады.
Осы бөлім бойынша әкімшілік құқық бұзушылық істерін қарау құқығы құрылыс объектілерінің сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын органдарға (718-бап), сондай-ақ мамандандырылған аудандық және оларға теңестірілген әкімшілік соттардың судьяларына (684-бап) жүктелген.
2025 жылғы 10 қаңтардағы № 155-VIII ҚРЗ «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен 718-баптың бірінші бөлігі 165-тармақшасы мынадай редакцияда жазылды: «Құрылыс объектілерінің сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын органдар осы Кодекстің 309, 312, 313, 314, 315, 316, 317, 317-1, 317-2, 318, 321, 322, 323 және 464-баптарында көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарайды».
Бұл өзгеріс бойынша, әкімшілік істер енді сотқа жолданбай Жетісу облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасында қаралады.
Бұрын соттың құзыретінде болған келесі баптар: 312-баптың (екінші бөлігі), 313, 314, 316-баптың (екінші бөлігі), 317-баптың (төртінші бөлігі), 317-1-баптың (екінші бөлігі), 317-2-баптың (екінші бөлігі), – Жетісу облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының құзыретіне берілді.