«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы»
Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңына (бұдан әрі - Заң) бірқатар толықтырулар енгізілді.
Соның ішінде, Заңның 15-бабы, 6-тармағы негізінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білім беру ұйымдарында уәкілетті орган белгілеген мәннен төмен емес (GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары) оқу нәтижесімен оқуын бітірген түлектер осы оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде конкурс өткізілместен «Б» корпусының мына мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады:
1) облыс ауданының немесе облыстық маңызы бар қаланың (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) әкімі және мәслихаты аппараттарының төменгі лауазымына;
2) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын облыс ауданы және облыстық маңызы бар қала (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) атқарушы органының басшылық емес лауазымына;
3) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшылық емес лауазымына;
4) орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының облыс ауданындағы немесе облыстық маңызы бар қаладағы (облыстың әкімшілік орталығы болып табылатын қаладан басқа) аумақтық бөлімшесінің басшылық емес лауазымына.