Депутаттардың қолдауына ие болды

Депутаттардың қолдауына ие болды

Мемлекет басшысының Жарлығымен Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев Жетісу облысының әкімі болып тағайындалды. Оның кандидатурасын облыстық мәслихат депутаттарының басым бөлігі қолдады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 Бүгін І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында барлық деңгейдегі депутаттардың жиналысы өтіп, облыстық мәслихаттың 149 депутатының 142-сі қатысты. Алқалы жиынға ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева қатысты.

Дауыс беру процесін өткізу және дауысты санау үшін құрамына 7 депутат кірген есеп комиссиясы құрылып, тәртіптік шара өткізілді. Жиында сөз алған депутаттар дауыс беруді ашық үлгіде өткізуді ұсынып, дауыс берудің ашықтығын қамтамасыз етуді алға тартты.

Депутаттардың таңдау жасауы үшін екі адамның ­­– Б.Ө.Исабаев пен Ә.Д.Масабаевтың кандидатурасы ұсынылып, үміткерлер сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Ашық дауыс берудің нәтижесінде 114 адам Бейбіт Исабаевтың кандидатурасына қолдау танытатыны белгілі болса, 28 адам Әсет Масабаевқа дауыс бергені анықталды.

Сөйтіп, басым дауысқа ие болған Бейбіт Исабаев Жетісу облысы әкімі болып сайланды.

Алқалы жиында сөз алған ҚР Президенді Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева халық қалаулыларының сеніміне ие болу үлкен жауапкершілік екендігін атап өтті.

– Мемлекет басшысы алдымызға қойған тапсырмаларды және әрбір азаматтың әл-ауқатының артуына бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыру биліктің барлық тармағына тиесілі. Сондықтан да жергілікті халыққа межеленген мақсат-міндетті, оларды шешудің жолдары мен бағыттарын жеткізумен айналысатын депутаттарға артылған жауапкершілік жүгі ауыр. Өзекті мәселелерді анықтау үшін тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнату түйткілді тақырыптарды кейін жүйелі түрде шешкеннен маңызды. Тіпті, Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұғырнамасының алғашқы бағыттарының бірі осыған меңзейді. Шаншыған шыбық өніп кететін Жетісу облысының тұрақты даму жолына түсуіне тілектеспін. Мемлекет басшысы айтқандай, біздің негізгі ортақ мақсатымыз ­– Әділетті Қазақстан құру, ­– деді өз сөзінде А.Балаева.

Алқалы жиыннан соң Мемлекет басшысының Жарлығымен Бейбіт Өксікбайұлы Исабаев Жетісу облысының әкімі болып тағайындалғаны белгілі болған облыс активі өткізілді.

Артылған сенімге ризашылық білдірген Бейбіт Исабаев Жетісу облысының және өңір жұртшылығының өркендеуіне бар күшін жұмсайтынын жеткізді.

 Алға қойған басты бағыттарын таныстырған облыс әкімі:

– Соңғы алты айдың ішінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маған екінші рет үлкен сенім артып отыр. Барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттары да өз қолдауларын екі рет танытты. Жетісу облысының әлеуметті-экономикалық даму көрсеткіші тұрғындарының өмір сүру сапасына сай келетін аймаққа айналуы үшін қолымнан келген барлық шараларды қабылдауға уәде етемін, ­– деп межеленген міндеттерді жүзеге асырудың жолдарын таныстырып өтті.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі