БЖЗҚ-да жеке шотымның бар екендігі туралы анықтама алғым келеді. Қазір індет кезінде кеңсе аралай бергім келмейді, сондықтан интернет арқылы анықтама ала аламын ба, жауап беріңізші?

БЖЗҚ-да жеке шотымның бар екендігі туралы анықтама алғым келеді. Қазір індет кезінде кеңсе аралай бергім келмейді, сондықтан интернет арқылы анықтама ала аламын ба, жауап беріңізші?

5 сұрақ МАМЫР

 

  1. 1. БЖЗҚ-да жеке шотымның бар екендігі туралы анықтама алғым келеді. Қазір індет кезінде кеңсе аралай бергім келмейді, сондықтан интернет арқылы анықтама ала аламын ба, жауап беріңізші?

Иә, әрине. Жеке зейнетақы шотының (ЖЗШ) бар екендігі туралы анықтама алу үшін «БЖЗҚ» АҚ-ның www.enpf.kz сайтындағы «Жеке кабинетте» орналастырылған «Электрондық қызметтер» бөліміне электрондық цифрлық қолтаңбаның немесе тіркелген логин мен парольдің көмегімен кіру қажет. Бұдан әрі «Қызметтер» бөліміндегі «ЖЗШ бар екендігі туралы анықтама алу» батырмасына басқан кезде анықтама қалыптастырылады. Қалыптастырылған анықтаманың жоғарғы бұрышындағы QR-код БЖЗҚ уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған құжаттың электрондық нұсқасына веб-сілтемені қамтиды. Бұл  веб-сілтеме осы құжат берілген күннен бастап 1 (бір) ай ішінде қолжетімді екеніне назар аударамыз.

 

  1. Әкем бес ай бұрын қайтыс болды. Бірақ ол кезде мен ол кісінің зейнетақы жинақтарын мұраға ала алатынымды білмедім. Мен осы мәселе бойынша қазір өтініш бере аламын ба?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 31, 32, 33-баптарына сәйкес міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.Зейнетақы жинақтарын мұраға қалдыру өсиет немесе заң бойынша жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес мұраны алу үшін мұрагер мұра ашылуы тиіс орын бойынша нотариусқа немесе  заңға сәйкес мұраға құқық туралы куәлік беруге уәкілеттік берілген лауазымды адамға мұраны қабылдау туралы не мұраға құқық туралы куәлік беру туралы өтініш түсіру арқылы қабылдауға тиіс. Мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде, яғни мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде қабылдануы мүмкін.

            Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, мұраның ашылған орны бойынша нотариусқа жүгінуге кеңес береміз (бұл қайтыс болған адамның тұрғылықты жері).

 Мәлімет үшін төмендегі ақпаратты ұсынамыз:

1) Заңға сәйкес БЖЗҚ алушыларға зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте жүзеге асыруға міндетті. Аталған тәртіп, сондай-ақ, қажетті құжаттардың тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында зейнетақы төлемдерін, біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, оларды БЖЗҚ-ға қайтару қағидаларында айқындалған;

2) Заңға сәйкес алушы, сондай-ақ, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және Заңның 11-бабының 1-3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлік жасқа толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға БЖЗҚ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшері шегінде, бірақ жеке зейнетақы шотындағы қаражаттан аспайтын мөлшерде жерлеуге арналған біржолғы төлем төлейді;

3) БЖЗҚ-ның www.enpf.kz мекенжайы бойынша веб-сайтында қажетті құжаттар тізімі, оларды рәсімдеу талаптары, БЖЗҚ-ның өңірлік бөлімшелерінің мекенжайлары көрсетілген.

Қағидалардың 15 немесе 17-тармақтарында айқындалған құжаттар болған жағдайда БЖЗҚ-ға жүгінуге кеңес береміз.

  1. Мен жақында жеке кәсіпкер ретінде тіркелдім. Зейнетақы жарналарын қалай аударуға болады?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес (бұдан әрі – Заң) жеке практикамен айналысатын адамдар, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын жеке тұлғалар үшін Заңның 24-бабы 2-тармағының 5) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, өз пайдасына БЖЗҚ-ға төленуге жататын міндетті зейнетақы жарналары алатын табысының 10 пайызы мөлшерінде, бірақ ең төменгі жалақы мөлшерінің 10 пайызынан кем емес және республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінің 10 пайызынан көп емес мөлшерде белгіленеді. 

Жеке практикамен айналысатын адам, сондай-ақ, жеке кәсіпкер өз пайдасына БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін дербес айқындайтын кіріс алынатын табыс болып табылады. Табысы болмаған жағдайда жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер БЖЗҚ-ға өз пайдасына республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақы мөлшерінің 10 пайызы есебінен міндетті зейнетақы жарналарын төлеуге құқылы. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы №1116 Қаулысымен бекітілген міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы Қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу Қағидаларының 8-тармағына сәйкес міндетті зейнетақы жарналарын аударуды агент қолма-қол ақшасыз төлемдер арқылы жүргізеді. Адвокаттар, жеке сот орындаушылары, жеке нотариустар, кәсіби медиаторлар, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын, екінші деңгейдегі банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда (бұдан әрі-ЕДБ) шоттары жоқ жеке тұлғалар міндетті зейнетақы жарналарын кейіннен БЖЗҚ-ға аудару үшін ЕДБ-ға қолма-қол ақшамен енгізеді. Міндетті зейнетақы жарналарын қолма-қол ақшамен не ЕДБ арқылы қолма-қол емес тәсілмен төлеу Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

 

  1. Менің еңбек өтілім қате есептеліпті, сондықтан зейнетақыны қайта есептеуді қалай жүзеге асыруға болады?

Қазақстан Республикасында 1998 жылдан бастап базалық және ортақ зейнетақыдан және жинақтаушы зейнетақыдан тұратын мемлекеттік аралас зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Сіздің жағдайыңызда зейнетақы төлемдерінің мөлшері еңбек өтілімен анықталатын, ал зейнетақы төлемдерінің көзі – халықтың жұмыс істейтін бөлігінің салық аударымдары мен басқа да түсімдер есебінен мемлекеттік бюджет болып табылатын ортақ зейнетақы туралы сөз болып отырған шығар. Оған 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнеткерлікке шығу кезіндегі еңбек өтілі кемінде алты айды құрайтын адамдар үміт арта алады.

Жинақтаушы жүйе Қазақстан азаматтары, Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін ай сайынғы кірістен міндетті зейнетақы жарналарының белгіленген 10 пайыздық мөлшерін және жұмыс беруші есебінен жұмыскерлердің ай сайынғы табысынан және кәсіптері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өндірістердің, жұмыстар мен кәсіптердің тізбесінде көзделген жұмыскерлердің пайдасына міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының 5 пайыздық мөлшерін көздейді.

Сұрағыңыз бойынша толық ақпарат алу үшін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетіне жүгінуіңізді сұраймыз.

 

  1. Мен Қазақстанда уақытша жұмыс істейтін Ресей азаматшасымын. Ерікті зейнетақы жарналарын аудара аламын ба және оны қалай жүзеге асыруға болады?

 

Иә, әрине, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы 20.12.2019 жылғы Келісімнің 3-бабына сәйкес, ЕАЭО елдері еңбекші азаматтарының зейнетақы құқықтарын қалыптастыру солардың зейнетақы жарналары есебінен жұмысқа орналастырушы мемлекет азаматтарының құқықтарын қалыптастыру жағдайларымен бірдей шарттарда және тәртіппен жүзеге асырылады.

Осы Келісімнің 1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында зейнетақы жарналарына БЖЗҚ-дағы ерікті зейнетақы жарналары (бұдан әрі-ЕЗЖ) да жатады.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнасы ЕЗЖ-ны есепке алу үшін жеке зейнетақы шотын ашуға негіз бола алады. ЕЗЖ мөлшері мен кезеңділігін салымшы дербес айқындайды.

Пайдасына ЕЗЖ есептелінетін жеке тұлғаны сәйкестендіру ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (ТАӘ, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылатын болады. Ал жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

БЖЗҚ-ға ЕЗЖ төлеуді екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ) немесе «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асыруға болады. Жекелеген ЕДБ-лар жарналарды онлайн режимінде (мобильді қосымша немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы) аудару мүмкіндігін де ұсынады.    

БЖЗҚ сайтында (https://www.enpf.kz/ru/services/depositors/ipa/vpc.php) толық ақпаратпен танысуға болатынын қосымша хабарлаймыз.