Жетісудың Ескелді ауданында бірнеше жылдан бері күрмеуі тарқатылмай келген мәселелер шешімін табуда. Соның ішінде ұзақ жылдарға созылған парк салу мен абаттандыру, тұрғын үй, мәдениет үйі, каналдар мен ауыз су жүйесінің құрылыстары облыс басшылығының жіті бақылауынан кейін қарқын алып, оң шешілген, яғни бірқатар жобалар аяқталған, кейбір құрылыс жұмыстары биыл бітуі тиіс. Бұл туралы Бейбіт Исабаевтың Ескелді ауданының тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесу жиынында өңір басшысы алдымен облыс көлемінде атқарылып жатқан шараларға тоқталып, алдағы мақсат-міндеттер жөнінде баяндады.
Мәселен, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімнің көлемі 483,2 млрд теңгені құрады, оның ішінде Ескелді ауданының үлесі 54 млрд теңге немесе 11,2% болды. Жалпы 2025-2027 жылдары облыстың агроөнеркәсіп кешенінде жалпы құны 94 млрд. теңгеге 23 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Газдандыру мәселесіне де тоқталған өңір басшысы бүгінгі күні газдандыру деңгейі 67%-ға жеткенін атап өтті. Ал 2028 жылы облыста 210 елді мекенге газ тартылып, газға 652 мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 93,8%-ы қол жеткізе алатынын айтты.
Сол сияқты жол мәселесіне назар ауданған облыс әкімі:
- Сырымбет ауылынан өтетін жол бойынша тұрғындар тарапынан шағымдар айтылуда. Бұл мәселені мен жақсы білемін. Осыған байланысты орынбасарым Әсет А. Қанағатов, жол басқармасы және аудан әкімімен бірлесіп ауыл ішімен өтетін жолдың 1,5 шақырым учаскесіне шұғыл жоба әзірлеп, орташа жөндеу жұмыстарын қыркүйек айына дейін аяқтауы тиіс. Сонымен қатар аудан әкімдігі осы жолмен ауыр салмақты жүк көліктерін жүргізбеу үшін айналма жолдың схемасы бойынша ұсыныс енгізіңіздер, - деді Б. Исабаев. Облыс әкімі сол сияқты өнеркәсіп, әлеуметтік сала, жалпы инфрақұрылымды дамыту шараларын да назардан тыс қалдырған жоқ.
Мұнан соң аудан әкімі Елдос Ахметов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы атқарылған шараларға тоқталды. Мәселен, егін өткен жылдан 108,7 гектарға артық себіледі деп жоспарлануда. Толық циклді әк өндіру зауыты, Қора өзеніндегі ГЭС 2 жобасы, «Қарабұлақ Жылу» қазандығының жылу энергиясын өндіру көлемін арттыру мақсатында жылу электр станциясының құрылыстары жүргізіліп жатыр. Аудан әкімі сол сияқты газдандыру, жол инфрақұрылымын дамыту туралы да айтып өтті.
Елдос Ахметов өз сөзінде облыс басшылығы тарапынан айтылған сын бойынша атқарылған шараларға тоқталды. Бұл абаттандыру, құрылыс жұмыстарын аяқтау сияқты мәселелерге қатысты.
Бейбіт Исабаев аудан әкімінің алдына бірқатар міндеттер қойды. Соның ішінде ең алдымен жылдар бойы қордаланып қалған мәселелердің шешіміне ерекше назар аударды.
- Өткен жылғы кездесуде ауданның дамуына қатысты сын-ескертпелер айтқан болатынмын. Соның бірі – 2022 жылдан бері құрылысы созылып келе жатқан «Жеңіс» саябағының жағдайына байланысты. Біз қажетті қаржы бөлдік, нысан қолданысқа берілді. Енді көк шөп егу, күтіп ұстау жұмыстарын ширату керек. Жастар ауылындағы жылдар бойы қараусыз қалған 20 көп пәтерлі үйдің күрделі жөндеу жұмысына қажетті бөлініп, жұмыстары басталды, осы жылдың қараша айында аяқталады. «Алмалы» мен «Бәйбіше» каналдарына облыстық бюджеттен қаржы бөліп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіліп жатырмыз. Құрылыс келесі жылы бітеді. 2020 жылы басталған Бақтыбай ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеуі жалғасуда. Енді ауданда аяқсыз қалған құрылыс нысандары болмауы тиіс. Құрылыс жұмыстарының сапалы, уақытылы атқарылуын жіті бақылауға алыңыз, - деді Бейбіт Исабаев аудан әкіміне қаратып.
Сол сияқты ауданда қайта өңдеу өндірісін дамыту, жеке инвестиция тарту жұмыстарын ширату қажеттігін ескертті. Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып, оның ішінде жайлаудағы жерлерді ауыл тұрғындарына беруді қолға алу, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру қажет. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында берілетін жеңілдетілген несиелерді шағын және орта бизнес өкілдеріне бере отырып, кооперативтер ашу, туризм саласын дамыту туралы тапсырмалар берілді.
Бұдан әрі облыс әкімі аудан тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.
Осы күні Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауда Бақтыбай ауылының тұрғыны Әбілхайыр хан көшесін жөндеу мәселесін көтерді. Белгілі болғандай, бұл көшені жөндеу биылғы жылдың жоспарына кірген, құрылыс жұмыстары тамыз айында аяқталуы тиіс. Қарабұлақ тұрғыны М. Өтемісұлы көшесіне түнгі жарық шамдарын орнату туралы өтінішін жеткізді. Аудан әкімінің айтуынша, бұл жаңарған көшеде 16 үй бар. Аталған көше тамыз айының аяғына дейін жарықтандырылатын болады. Сол сияқты мемлекет қорынан тұрғын үй алу, берілген тұрғын үйді жекешелендіру бойынша да сұрақтар болды. Оларға тұрғын үй қатынастары туралы заң аясында мәселенің шешімі түсіндірілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев