Халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметтермен қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстар аясында, Тәуелсіздік күні қарсаңында Ескелді ауданының Жастар ауылында жаңа модульді фельдшерлік-акушерлік пункт өз есігін айқара ашты.
Бұл нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп, заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілді.
Жаңа медициналық пункт ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіп, амбулаториялық қызметтер ұсынуға, сондай-ақ жедел және шұғыл жағдайларда көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Мұнда аурулардың алдын алу, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, медициналық тексерулер мен профилактикалық екпелер жүргізу қарастырылған.
Жастар ауылының 700-ден астам тұрғыны үшін бұл нысан – денсаулықты сақтауға бағытталған маңызды әрі қажетті қадам. Жобаның басты мақсаты – ауыл халқы үшін жайлы жағдай жасап, сапалы алғашқы медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету.