Жетісу облысының Ескелді ауданында соңғы 3 жылда ауылдардағы 45 көшеге, 42 шақырым облыстық маңызы бар жолдарға жөндеу жүргізілді, сондай-ақ 17 ауылда көше шамдары орнатылды. Оған қоса 20 әлеуметтік нысан салынып, 7 нысан жөндеуден өтті, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ескелді ауданының халқымен кездесуі барысында аудан инфрақұрылымын дамытудың жай-күйіне тоқталған өңір басшысы Бейбіт Исабаев халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тұрғындардың өмір сүру сапасын айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі екенін атап өтті. Бүгінгі күні ауданда 33 елді мекеннің 32-сі орталықтандырылған сумен қамтылған, тек 20 адам тұратын Алмалы ауылы ғана орталық су жүйесіне қосылмаған. Ауыз су сапасын жақсарту мақсатында өткен жылы Алдабергенов және Ақешкі ауылдарында сумен жабдықтау желілері жаңғыртылды. Аудан әкіміне Сырымбет пен Ақтұма ауылдарында ұзаққа созылған су жүйесі құрылысын осы айдың соңына дейін аяқтау тапсырылды. Сонымен қатар осындай жұмыстар келесі жылы Жалғызағаш, Жаңалық ауылдарында аяқталады. Ал Ақтасты ауылының ауыз су жүйесін жөндеудің құжаттары дайын.
Тағы бір маңызды мәселе – газбен қамту. Аудандағы 33 елді мекеннің 21-і өңірлік газдандыру схемасына сәйкес газдандыруға жатады. Бүгінгі күні 16 ауыл табиғи газға қосылған, олар - Қарабұлақ, Алдабергенов, Өрқұсақ, Екпінді, Сырымбет, М.Байысов, Бақтыбай, Елтай, Жаңалық, Өтенай, Жетісу, Ешкіөлмес, Шымыр, Абай, Жастар, Қаратал ауылдары. Бүгінде Көкжазық, Теректі, Ақтасты ауылдарына газ тарату желілерінің құрылысы және Бақтыбай ауылында газбен қамтылмай қалған 166 үйге құбыр тарту жұмыстары жүргізілуде, жыл соңына дейін газға қосылады. Сонымен қатар Қайнарлы және Жалғызағаш ауылдарында да газ тарту жұмыстары басталды, құрылысы келесі жылы аяқталады.
- Аудан тұрғындарының өтініші бойынша газдандыру схемасына енбеген Теңлік, Биғаш, Жеңдік ауылдарын газдандырудың жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Құрылыс жұмыстары келесі жылы басталады. Соның нәтижесінде келесі жылдың соңына дейін 24 елді мекен толықтай көгілдір отынға қол жеткізеді, яғни 47,3 мың адамға немесе тұрғындардың 93%-ына газға қосылуға мүмкіндік жасалады. Сонымен бірге жарты жыл бұрын маған Бақтыбай ауылының тұрғындары жеке серіктестік газға қосу үшін ауылдың 44 тұрғынынан 16 млн. теңгеге жуық қаражат жинап, алдап кеткені туралы шағымданған болатын. Менің тікелей араласуымнан кейін ғана сотқа арыз берілді. Қазіргі уақытта сот шешімі шығып, серіктестік қарызды қайтаруға міндеттелді, - деді Б. Исабаев.
Жол мәселесіне келсек, тұрғындардың өтініші бойынша Көкжазық ауылына апаратын жолдың бойындағы көпірді қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, жыл соңына дейін жұмыстар аяқталады. Бұдан бөлек «Көксу-Қайнарлы» автожолының 21 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар 8 елді мекеннің - Қарабұлақ, Сырымбет, Бақтыбай, Алдабергенов, Төлеңгіт, Қайнарлы, Қоңыр, Ақын Сара ауылдарында жалпы ұзындығы 13,7 шақырым болатын 14 көшеге орташа жөндеу жасалуда. Қараша айына дейін 9 көшенің жұмыстары аяқталады, қалған 5-еуі келесі жылға өтпелі.
Сонымен бірге соңғы 3 жылда Ескелді ауданында 20 әлеуметтік нысан салынды, оның 12-сі денсаулық сақтау, 4-еуі мәдениет және 4-еуі спорт саласына тиесілі. Сондай-ақ 7 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілді.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай, сол сияқты фотосуреттерді
Ескелді ауданының әкімдігі ұсынды.