Жетісу облысының Ескелді ауданында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін балалар ойын және спорт алаңдары салынуда. Мәселен, соңғы екі жылда осындай нысандар Қарабұлақ, Матай Байысов, Ақын Сара, Ешкіөлмес, Абай ауылдарында орнатылды. Аталған экологиялық бағдарлама аясында көркейтіліп жатқан Қарабұлақ ауылындағы саябақтың абаттандыру жұмыстарымен облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың танысты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аудан басшылығы тарапынан тиісті бақылау болмауына байланысты саябақты жөндеу жұмыстары созылып кетткен. Алайда облыс басшылығының араласуынан кейін бұл мәселе шешімін тапты. Жобаны аяқтауға қажетті қаражат бөлініп, құрылыс жұмыстары қайта жанданды. Нысанды мерзімінен бұрын тапсыру жоспарланып отыр. Құрылыс жұмыстарын жылдың соңына дейін емес, қазан айының соңына дейін аяқтау тапсырылды. Оның үстіне, бұл міндетті орындауға барлық мүмкіндік бар.
– Саябақтағы жұмыстардың басым бөлігі орындалған. Бірақ жұмыс қарқынын күшейту керек. Мұнда тұрғындар еркін серуендеп, демалуы үшін ең алдымен, орталық бөлігін, ондағы көгал төсеу, орындықтар мен шағын сәулет нысандарын орнату жұмыстарын аяқтаңыздар. Содан кейін жөндеуді орталықтан екі жақ бағытқа қарай жалғастыру керек. Сосын көгал төселетін аумақты ұлғайту қажет. Орынбасарым Әсет Қанағатов пен аудан әкіміне барлық жұмыстардың уақытылы әрі сапалы орындалуы үшін апта сайын бақылау жүргізуді тапсырамын. Нысан белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі тиіс, – деді Бейбіт Исабаев саябақты аралаған кезінде.
Бұдан бөлек, Қарабұлақ, Алдабергенов, Бақтыбай, Елтай, Шымыр, Екпінді, Теректі ауылдарындағы 32 көшеге жарық тіректері орнатылуда. Жұмыстар осы айдың соңында аяқталады. Қарабұлақ ауылындағы Суворов көшесіне жаңадан электр желілері тартылды, ал Алмалы ауылында осындай жұмыстар жалғасуда, келесі жылы аяқталады.
Сондай-ақ аудан халқымен кездесу барысында белгілі болғандай, өткен жылы Ақын Сара, Ақешкі ауылдарының тұрғындары көтерген бау-бақша суару мәселесі шешілген. Арық жүйесін жүргізу жұмыстары 90% орындалды және жыл соңына дейін толық аяқталады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай, сондай-ақ фотосуреттер Ескелді ауданы әкімдігі тарапынан ұсынылды.