Жетісуда «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында 17,5 шақырым арық желісі жабдықталады

Жетісуда «Таза Қазақстан» бағдарламасының аясында  17,5 шақырым арық желісі жабдықталады

Биыл облыста 17,5 шақырым арық желісін жабдықтау қарастырылған. Бұл шара «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы асянда атқарылуда, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жалпы облыстың аудан және қала аумақтарын, атап айтқанда қоғамдық инфрақұрылым объектілерін абаттандыруға және көше жарығын орнатуға биыл қаржы бөлінді. Соның ішінде арық жүйелерін жабдықтау да бар. Мәселен, Ақсу ауданы Қапал ауылында ұзындығы 2 шақырым, Ескелді ауданы Ақын Сара ауылы – ұзындығы 5,5 шақырым, Кербұлақ ауданы Талдыбұлақ ауылы – ұзындығы 2,6 км, Талдықорған қаласы ұзындығы 7,4 шақырым арық желісі салынады.

Ескелді ауданының тұрғыны бұл игі шараның атқарылғанына ризашылығын білдірді.

- Мен Ақын Сара ауылының тұрғынымын. Осы ауылда тұрып келе жатқаныма елу жылдан асты. Ауылымызда арық жүйесі Кеңес одағы кезінде кейбір көшелерде болған, кейін бұзылды. Бүгінгі күні көшелерді абаттандырып, халықтың игіліне жарайтын арық салып, біраз жұмыс атқарып жатыр, қуаныштымыз, - дейді ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі Нұртілеу Ибрагимов.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді түсірген: Жұмабай Мұсабеков