Жетісуда параплан спортынан өткен халықаралық жарыс мәресіне жетті

Жетісуда параплан спортынан өткен халықаралық жарыс мәресіне жетті

Жетісу облысында параплан спортының халықаралық жарысы аяқталды. Парапланның дәлме-дәл қону түрі бойынша халықаралық деңгейдегі ауқымды жарыс Ескелді ауданы Екпінді ауылында 16 мамыр мен 1 маусым аралығында өтті,  - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Байрақты бәсекеге әлемнің 44 елінен 200-ге жуық спортшы қатысты.

Бұл жарыста Жетісу облысының спортшылары айқын жетістіктерімен көзге түсті.

Атап айтқанда, Аяна Асқар Азия лигасында жасөспірімдер арасында бірінші және әйелдер арасында екінші орынды иеленді, сондай-ақ осы күндері өткен басқа жарыстарда да елеулі нәтижелерге қол жеткізді.

Ал Халықаралық жеке кубокта алтын медальді Альбина Виршки жеңіп алды, ол да өз кезегінде бірнеше чемпионаттың жүлдегері атанды. Сол сияқты біздің спортшылар ALGA клубының кубогында, Қабанбай батыр кубогында, Халықаралық жеке кубокта жүлделерді жеңіп алды.

- Туып-өскен жерім – Текелі қаласы. Қазір Алматыда тұрамын. Парапланеризммен айналысып келе жатқаныма 3 жарым жыл болды. Мен қатысқан ең алғашқы жарыс та осы Ескелді ауданында өткен болатын. Содан бері жарысқа жыл сайын қатысып келемін, басқа елдерде өтетін жарыстарға да қатысып көрдім. Бастапқыда бұған хобби ретінде қарадым, кейін алғаш жарысқа қатысқаннан бастап бұл менің өмірлік маңызды ісіме айналды. Өз кәсіби шеберлігімді үнемі арттыруға тырысамын. Биылғы жарысқа түрлі елдерден спортшылар келді. Оның ішінде Қазақстанға алғаш рет келгендері де бар. Алжирде, Иранда өтетін жарыстарға шақырылдым. Алдағы уақытта одан да нәтиже шығарамын деп үміттенемін, - дейді Азия лигасының жасөспірімдер арасындағы жеңімпазы Аяна Асқар.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұсынды