Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітап – мәңгілік мұра» атты кітап жәрмеңкесі өтті. Бұл мәдени іс-шараның басты мақсаты – әдеби оқылымдардың мәртебесін көтеру, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру және Жетісу өңіріндегі қаламгерлердің шығармашылығын кеңінен насихаттау.
Шара аясында ел назарын аударған маңызды сәттердің бірі – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы Отарбайдың жәрмеңкеге арнайы қатысуы болды. Ол алдымен кітапхана жанындағы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы бөліммен танысып, бұл бағыттағы жұмыстарға жоғары баға берді. Кейіннен Мәлік Нұржанұлы «Жетісудың рухани қазынасы» атты кітап көрмесін тамашалап, өңір әдебиетінің өркендеп келе жатқанын атап өтті. Ел ертеңін парасат пен пайым арқылы көркейтуді мақсат еткен бұл бастамалар – мәдениет пен руханияттың мәңгілік маңызын айқындай түсетініне сенім білдірді.