
Бақтыбай ауылдық округінің тұрғындары көктемнің жаршысы саналатын Масленица мерекесін ерекше сән-салтанатпен, көтеріңкі көңіл күйде қарсы алды. Ауыл тұрғындары мен қонақтар бір алаңға жиналып, қысты шығарып салып, көктемді шаттықпен қарсы алудың тамаша үлгісін көрсетті.
Мереке барысында дәстүрлі құймақ пісіріліп, келген көпшілікке кең дастархан жайылды. Тұрғындар ұлттық ойындар ойнап, түрлі қызықты сайыстарға қатысып, өзара бақ сынасты. Ән мен күй шырқалып, би биленіп, мерекелік бағдарлама көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Балалар үшін арнайы ойын-сауықтар ұйымдастырылып, олардың шат күлкісі мерекенің көркін одан әрі аша түсті.
Бұл күн ауыл тұрғындарының бірлігін нығайтып, татулық пен достықты дәріптеген, баршаға қуаныш пен көтеріңкі көңіл күй сыйлаған жарқын мереке болды. Осындай игі шаралар халықтың ауызбіршілігін арттырып, дәстүр мен мәдениетті ұлықтауға үлкен үлес қосары сөзсіз.