Текеліде жас құтқарушылардың кадет сыныбы ашылды

Текеліде жас құтқарушылардың кадет сыныбы ашылды

Жетісу облысында төртінші сыныптан бастап кадеттік жас құтқарушылар сапына кіруге болады. Бүгінде кадеттер қатары Текелі қаласының № 4 орта мектебінің оқушыларымен, яғни 30 ұл-қызбен толықты. Бұл - Жетісу өңірінде Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен білім басқармасының бірлескен бастамасымен құрылған осындай екінші топ. «Жас құтқарушы» деп аталатын алғашқы кадет сыныбы Ақсу ауданында 2021 жылы ашылған болатын, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жетісу облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бастығы Бауыржан Ізбасаровтың айтуынша, тәжірибелі құтқарушылар оқушыларға тәлімгер болуда. Олар түрлі сабақтар өткізіп, өрт сөндіру-құтқару қызметінің ардагерлерімен кездесулер ұйымдастыруда, жалпы айтқанда қажетті көмек пен қолдау көрсетпек.

- Сендер жай ғана оқушы емессіңдер. Енді сендер кадетсіңдер, бүгін қолдарыңа соны растайтын куәлік алып отырсыңдар. Форма киіп, ант беру сендерге белгілі бір жауапкершілік жүктейді. Сендер кадет сыныбының, жалпы өз мектептеріңнің абырой-беделін әрдайым биіктен көрсететіндеріңе сенемін, - деді полковник Б.Ізбасаров.

«Кадет сыныбының оқу бағдарламасына негізінен әскери-медициналық дайындық, өртке қарсы қолөнер, сап дайындығы, денені тік ұстауға бейімдейтін хореография сабақтары енгізіледі. Сол сияқты балалар шахмат ойнауды да меңгереді. Қаламыздың ерекшелігін ескеріп, туризм негіздеріне де оқытамыз. Сөйтіп оқушылар тиісті теориялық және физикалық дайындықтан өтіп, мамандық таңдауда өздеріне тірек болатын қарым-қабылеттерін дамытады. Осы балалардың көпшілігі өз өмірін құтқару қызметімен байланыстыруы да мүмкін. Бұл негізгі оқу процесіне кедергі келтірілмейді, қайта керісінше оны толықтырады десек болады. Жалпы мұндай  сыныптардың жұмысы оқушыларды азаматтық-патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге елеулі үлес қосады деп ойлаймын», - дейді №4 мектептің директоры №4 Меруерт Бюрина. Сонымен қатар ол келесі жылы осындай тағы бір сынып ашу жоспарланып отырғанын айтты.

Жалпы Текелідегі № 4 мектептің 60 жылдық тарихы бар. Қазір мұнда 1184 оқушы білім алып жүр, 44 сынып жиынтығы бар, 96 педагог жұмыс істейді. Тағы бір қызық дерек: мектеп түлегі Дәурен Жарқынбеков медицина кооелджінде оқып жүргенде Қаратал өзеніне батып бара жатқан кішкене қызды құтқарып қалған. Осы ерлігі үшін 2020 жылы Дәурен ҚР Ішкі істер министрлігінің медалімен марапатталған. Ал осы мектептің 8 сынып оқушысы Илья Угрюмов тиісті өрт сөндіргіш құрылғыны біліктілікпен пайдалана білуінің арқасында мектеп аумағында өрттің өршуіне жол бермей, электр желісінің тұйықталуын дер кезінде байқап, үлкендерді хабардар етіп үлгерген. Сол сияқты мектеп түлектері Мирас Қайратұлы мен Алмаз Саматұлы құтқару қызметі мамандығын өмірлік кәсібіне айналдырған. Сондықтан педагогтар мен ТЖД мамандары осы және басқа да мепктептерде жас құтқарушылардың кадет сыныптарын ашу пайдалы ғана емес, жас өрендердің тәрбиесі үшін, жеке адам ретінде қалыптасуы үшін аса маңызды деп есептейді. Расында да жас кадеттердің қазірден-ақ еңсесі тік, дауысы нық, өзіне деген сенімі берік.

Кадет куәлігін алған төртінші сыныптықтар ант қабылдау рәсімін атқарды.

Жетісу облыстық ТЖД өкілдері алдағы жоспарларын айта келе, жаңа кадет сыныптарын ашу жұмыстары әрі қарай да жалғасатынын жеткізді. Алдағы уақытта осындай сыныптар арасында түрлі жарыстар ұйымдастырылмақ.

Еске салсақ, Ақсу ауданы Жансүгіров ауылындағы Ж.Сыдықов атындағы орта мектепте 2021 жылы жас құтқарушылардың кадет сыныбы ашылған. Ол 7 сыныптың базасында құрылған болатын, онда 23 бала оқиды. Қазір ол кадеттер сегізінші сыныпта, ата-аналары мен мұғалімдерін өз жетістіктерімен қуантып келеді. Олар өткен жылдың күзінде өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Юрий Ильинмен өткен кездесуге қатысқанын да атап өтуге болады.  

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.