
Жалпы білім беретін пәндер бойынша 5–6 және 7–8 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың III (облыстық) кезеңі өз мәресіне жетіп, үздіктерді ұлықтаған салтанатты марапаттау рәсімі Құлжабай Қасымов атындағы №28 IT мектеп-лицейінде жоғары деңгейде өтті.
Бұл білім додасы – жас дарындардың қабілеті мен ізденісін шыңдап, олардың ғылым мен білімге деген қызығушылығын арттыратын маңызды алаң. Салтанатты жиынға барлығы 294 оқушы қатысып, өз еңбектері мен табандылықтарының нәтижесін көрсетті.
Олардың ішінде:
І орын – 54 оқушы,
ІІ орын – 105 оқушы,
ІІІ орын – 135 оқушы иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге лайықты құрмет көрсетіліп, олардың жетістіктері – ұстаздар еңбегі мен ата-аналар қолдауының жарқын көрінісі екені ерекше атап өтілді.
Бұл жетістіктер – болашақтың білімді де білікті ұрпағы қалыптасып келе жатқанын дәлелдейді. Жас зияткерлерге алдағы білім жолында жаңа белестерді бағындыруға тілектестік білдіреміз!