Жетісуда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жаңа жоба қолға алынды. Тәртіп сақшыларының бұл бастамасын облыстық білім басқармасы мен ата-аналар бірлесіп қолдап отыр. Бұл ретте пилоттық жоба ретінде Текелі қаласында екінші ауысымда оқитын 1-11 сынып оқушылары, яғни 2,5 мың оқушы жарық шығылыстырғыш күртешемен қамтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметіне қарағанда, көріну элементтері бар жарық шығылыстырғыш күртешелер мен киімдер көлік жүргізушілердің әсіресе көру мүмкіндігі нашар жауынды, тұманды күндері немесе қараңғы түскен мезгілде балаларды алыстан байқауына мүмкіндік береді. Сондықтан полиция қызметкерлері бұл жобаны қолдау туралы ұсынысын мектеп оқушыларының ата-аналарына жеткізген болатын.
Облыстық білім басқармасының ақпаратына сәйкес, жыл басынан бері өңір мектептерінде 1900-дей іс-шара өткізіліп, төтенше жағдайлардың алдын алу, жолдағы қауіпсіздік, алғашқы көмек көрсету шаралары бойынша жадынамалар, тақырыптық кітапшалар, көмек көрсететін мекемелердің байланыс деректері бар ақпараттық парақшалар таратылған.
- Облыстағы білім беру ұйымдарында оқу жылы барысында балаларды жолда жүру ережелерімен таныстыру, жол ережесінің белгілерін үйрету, қауіпсіздік шараларын нығайту мақсатында «Абайлаңыз, балалар!» атты апталықтар өткізілді. Балабақша бүлдіршіндері мен мектептің бастауыш сынып оқушыларына «Жол тәртібін білейік, аман есен жүрейік» атты тақырыпта мултьфильмер көрсетіліп, талдау жасалды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері тарапынан жол қиылыстарындағы жол ережелері бойынша экскурсиялар өткізілді. Сондай-ақ аталған тақырыптарға 5-11 сыныптарда сынып сағаттары өткізіліп, ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылды, - деді облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді облыстық білім басқармасы ұсынды.