Жетісу облысының Алакөл ауданында биыл 12 медицина нысаны іске қосылады

Жетісу облысының Алакөл ауданында биыл 12 медицина нысаны іске қосылады

Алакөл ауданының Достық ауылындағы 600 орындық «Келешек мектебі» жаңа оқу жылында қолданысқа беріледі. Сонымен қатар Үшарал қаласында оқушы орнының тапшылығы мәселесін шешу үшін 600 орындық мектеп құрылысының жобасы даярлануда. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың Алакөл ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысының айтуынша, ауданда денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту бағытында өткен жылы 4 нысан Қамысқала ауылында дәрігерлік амбулатория, Арқарлы, Қоңыр және Бибақан ауылдарында 3 блокты-модульді медициналық пункт қолданысқа берілген. Биыл 12 денсаулық сақтау нысанын іске қосу жоспарланған, оның 9-ы «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынуда.

- Медицина нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға да көп көңіл бөлініп келеді. Осы жылы ауданға 3 санитарлық автокөлік сатып алынып, Бұлақты, Теректі ауылдары мен Үшарал қаласына берілді. Сондай-ақ аудандық орталық ауруханаға сандық маммограф, С-тәрізді доғасы бар электронды-оптикалық түрлендіргіш, рентгендік цифрлық тұрақты аппарат сияқты заманауи медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге конкурстар аяқталды, жабдықтар қазан айына дейін жеткізіліп, орнатылады, - деді Б. Исабаев.

Осы ретте ауданға өткен жылы жұмысқа келген 9 дәрігерге 80 млн. теңге көлемінде қайтарымсыз көтерме жәрдемақы төленгенін, сонымен қатар 7 дәрігерге Үшарал қаласы мен Қабанбай ауылында тұрғын үй берілгенін де атап өтуге болады.

Облыс әкімі өз сөзінде спорт пен мәдениет салаларындағы қолдау шараларына да тоқталып өтті. Мәселен, 2024 жылы Достық ауылында 180 орынды дене шынықтыру сауықтыру кешені салынса, биыл Лепсі ауылында осындай кешен, 244 орынды жатақхананың құрылысы аяқталған, алдағы қыркүйек айында қолданысқа беріледі. Сол сияқты «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Екпінді, Көлбай ауылдарында мәдениет үйлері салынып жатыр.

Жалпы, 2024-2025 жылдары ауданға инфрақұрылымдық, әлеуметтік нысандарды салуға, қайта жаңғыртуға және жобалау жұмыстарына бюджеттен 41,5 млрд. теңге бөлінген. Бұл облыстың аудандарға бөлген қаражатының ішінде ең ірі бюджеттердің бірі саналады және бұл қаражат халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталып отыр.

Облыс әкімі тиісті лауазымты тұлғаларға бюджет қаражатының уақытылы, сапалы игерілуін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.