Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасына сәйкес, өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің базасында Италияның Марке политехникалық университетінің (Marche Polytechnic University) филиалы ашылды.
16 шілде күні Талдықорған қаласында аталмыш университет филиалының ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Италия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Рио, сондай-ақ Италия мен Жетісу университеттерінің делегациясы, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты рәсім барысында сөз алған Саясат Нұрбек:
– Жетісу облысында бүгінгі таңда «Агрономия» және «Ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары» бағыттары бойынша қос дипломдық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда жылыжай кешендеріне білікті агрономдар мен цифрлық технологияларды меңгерген мамандар аса қажет. Бұл университеттің ашылуы – сол қажеттілікті өтеуге жасалған нақты қадам, – деді.
Өз кезегінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев:
– Біздің өңір – аграрлы аймақ. Сондықтан бізге ауыл шаруашылығына жаңа инновациялар мен озық технологияларды енгізетін, заманауи білім алған мамандар қажет. Осы мақсатта облыс әкімдігі алғашқы кезеңде 14 студентке арнайы грант бөлді. Марке политехникалық университетінің басшылығына және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне осы маңызды жобаны қолдағандары үшін шынайы ризашылығымды білдіремін, – деп атап өтті.
Италияның Қазақстандағы Елшісі Антонелло Де Рио бұл жобаның екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетудегі маңызды рөлін атап өтті:
– Жетісу университетімен әріптестік орнату – Италияның халықаралық стратегиясының маңызды бөлігі. Біз білім беру мен ғылыми зерттеу саласында бірлескен жобаларды іске асырып, тәжірибе алмасу арқылы екі университеттің де әлеуетін арттырамыз. Бұл филиалдың ашылуы – тек жаңа мүмкіндіктердің бастауы ғана емес, Қазақстан мен Италия арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудың нақты қадамы, – деді елші.
Салтанатты рәсім соңында университет филиалының жаңа кампусының ашылу лентасы қиылып, шараға қатысушыларға университеттің инфрақұрылымы таныстырылды.