Жетісу облысы бойынша бүгінгі күнге дейін ата-аналардан балаларын 1-сыныпқа қабылдау туралы 9700-ден астам өтініш түскен. Жалпы алдағы жаңа оқу жылына өңірдегі 315 жалпы білім беретін мектептің бірінші сыныбына 13 мыңға жуық бала қабылдау жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жалпы 1-сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірден басталды. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бүгінгі күнге дейін 9717 өтініш түссе, соның 77% жуығы мемлекеттік тілде оқуға өтініш берген. Бұл ретте 3429 өтініш, яғни ең көбі облыс орталығы Талдықорған қаласынан түсіп отыр.
Еске салсақ, ата-аналар баланың құжаттарын электрондық үкіметтің еgov.kz. веб-порталы арқылы тапсыра алады. Балалар бірінші сыныпқа алты жастан бастап ата - анасы немесе заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады.
Портал арқылы өтініш тапсыру үшін ата-аналардың немесе басқа заңды өкілдердің өтініші; «Профилактикалық екпелер картасы" № 065/у нысанды және «Бала денсаулығының паспорты» № 052-2/у нысанды медициналық анықтамалар; баланың 3х4 см өлшеміндегі цифрлық фотосуретi қажет. Құжат қабылдау осы жылдың 31 тамызына дейін жалғасады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.