Жетісу облысы мәслихаты депутаттарының кезекті XXXIII сессиясы туралы

Жетісу облысы мәслихаты депутаттарының кезекті XXXIII сессиясы туралы

Бүгін Жетісу облыстық мәслихаты депутаттарының кезекті XXXIII сессиясы өтті.

Күн тәртібінің негізгі мәселесі – Жетісу облысының
2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарын, 2026–2028 жылдарға облыстық бюджет пен аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттер арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдерін, сондай-ақ Жетісу облысының 2026–2028 жылдарға арналған бюджетін бекіту.

Бұл мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Қанағатов Әсет Серікұлы баяндама жасады.

Мәслихат депутаттары 2026–2028 жылдарға арналған облыс бюджетін 1,6 трлн. теңге көлемінде бекітті, оның ішінде 2026 жылдың бюджеті 542 млрд. теңгені құрайды.

Өз сөзінде Қанағатов Ә.С.   облыс бюджеті жалпы алғанда 58%-ға әлеуметтік бағытталғанын атап өтті. 2026 жылы маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды салуды аяқтау және жалғастыруға қаражат қарастырылған, соның ішінде: Талдықорған қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің оқу корпусын салу, 500 қабылдауға арналған емхананың құрылысын жүргізу және Талдықорған қаласындағы оңалту орталығының құрылысын жалғастыру.

2026 жылы сондай-ақ елді мекендерді газбен қамтамасыз ету, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарды жөндеу және аумақтарды абаттандыру жұмыстары жалғасады. Оңтүстік-Батыс тұрғын ауданында қуаты 49 Гкал. болатын қазандықтың құрылысы аяқталып, оған жылу желілері тартылатын болады, сондай-ақ «Береке» коттедж қалашығындағы қазандықтың құрылысы жүргізіледі.

Туризм саласында 2026 жылы Балқаш көлінің туристік-сауықтыру аймағында инженерлік желілерді салу және Алакөл көлінің жағалауын нығайту жұмыстары жалғасады. Балқаш көлінде үш коммуналдық жағажай салу жоспарланған. Сонымен қатар, Бұрхан-Бұлақ сарқырамасына баратын жолдың қайта құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.

Арнайы атап өтілгендей, елеулі қаражат әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй сатып алуға бағытталатын болады, бұл өңірде әлеуметтік қолдаудың деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Қорытынды сөзінде облыс әкімінің орынбасары
Қанағатов Ә. С.  келесі жылдың бюджеті облыстың негізгі даму бағыттары бойынша Мемлекет Басшысының тапсырмаларын орындауға, сондай-ақ кездесулер мен жеке қабылдаулар барысында тұрғындар көтерген мәселелерді шешуге бағытталғанын атап өтті.

Мәслихат депутаттары шешім жобаларын бірауыздан қолдап, Жетісу облысының 2026–2028 жылдарға арналған бюджетін бекітті.