Жетісу облысы мәслихатының кезекті сессиясы өтті

Жетісу облысы мәслихатының кезекті сессиясы өтті

Бүгін Талдықорған қаласында облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевтың төрағалығымен Жетісу облысы мәслихатының кезекті XXVIII сессиясы өтті.

Жиында басты баяндаманы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Рауан Дауталинов жасады. Ол өз сөзінде 2024 жылы жалпы өңірлік өнім көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғайғанын атап өтті. Осы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор 116,2% құраған. Басты басымдықтардың қатарында Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейінгі елді мекендерді газдандыру жұмыстары бар. Бүгінгі таңда 84 ауыл газдандырылды, ал жыл соңына дейін газдандыру деңгейі 71,4%-ға жетіп, тағы 42 елді мекен газға қосылады. Мемлекеттік бағдарламаның екінші басымдығы – сумен жабдықтау нысандарын салу және жаңғырту. Жалпы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған, оның ішінде тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымға қатысты негізгі және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға қаражат бөлу көзделген.

Мұнан соң Жетісу облысының 2024 жылғы бюджетінің атқарылуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Жанар Керімбекова, Жетісу облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Ардақ Тоқбергенов баяндады.

Жалпы осы күні сессияда тоғыз мәселе қаралды. 

Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаев өңірдің маңызды мәселелерін шешуге белсенді қатысқандары үшін депутаттарға алғыс білдіріп, облысты орнықты дамыту және халықтың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бірлескен жұмыстың маңызды екенін атап өтті.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді түсірген: Дмитрий Ерофеев