Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Алматы қаласындағы Корея Республикасының Бас консулы Ха Тэ Ук мырзамен кездесті, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Кездесуде облыс әкімі Ха Тэ Ук мырзаны жуырда тағайындалуымен құттықтап, көпжылдық достық қатынастарға негізделген жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты атап өтті:
– Халықтарымыз арасындағы достықтың тамыры тереңде. Бүгінде облыста он мыңға жуық кәріс ұлтының өкілі тұрады, олардың әрқайсысы облыстың дамуына өз үлесін қосып келеді. Бізде кәріс мәдени орталықтары, шығармашылық ұжымдар белсенді жұмыс істейді, кәріс тілі кабинеттері ашылған. Жалпы, Жетісу - қазақ және кәріс халықтарының достығының символына айналған өлке деуге болады, – деді облыс әкімі.
Әңгіме барысында Бейбіт Исабаев өңір дамуының басым бағыттары, яғни ауыл шаруашылығы, логистика, туризм және баламалы энергия көздеріне тоқталып, корейлік инвесторлармен қарым-қатынас орнатуға ашықтық танытты. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық үшін алғыс білдірді. Айта кетейік, бірнеше жылдан бері екіжақты меморандум аясында кореялық дәрігерлер Жетісуға келіп, тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсетіп келеді, ал жергілікті мамандар Оңтүстік Кореяның медициналық орталықтарында біліктілігін арттырып жүр.
Өз кезегінде Ха Тэ Ук мырза облыс әкімінің қабылдауында болғанына алғыс білдіріп, корей халқының Жетісу өңіріне және оның халқына деген құрметі мен ілтипатын атап өтті. Сондай-ақ Қаратал ауданының Үштөбе қаласына жасаған сапарынан алған әсерімен бөлісіп, алдағы уақытта да әртүрлі бағыттарда ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында тараптар ауыл шаруашылығы, соның ішінде смарт-фермалар саласында, сондай-ақ туризм, баламалы энергетика және цифрлық технологиялар бағыттарында ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Дереккөз: Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі