Цифрлық даму министрлігі мемлекеттік қызметшілерге арналған ЖИ дағдылары бойынша оқытуды іске қосты

Цифрлық даму министрлігі мемлекеттік қызметшілерге арналған ЖИ дағдылары бойынша оқытуды іске қосты

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп мемлекеттік қызметшілерге арналған жасанды интеллект (ЖИ) дағдылары бойынша AI Qyzmet оқыту бағдарламасын іске қосты.

AI Qyzmet — Орталық Еуразиядағы мемлекеттік қызметшілерге арналған жасанды интеллект саласындағы алғашқы оқыту бағдарламасы. Бағдарламаның мақсаты — мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру үшін ЖИ құралдарын жұмыс үдерістеріне енгізу.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

«AI Qyzmet — цифрлық мемлекеттік басқаруды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл бастаманы іске қосу арқылы біз мемлекеттік сектор қызметкерлерінің жасанды интеллект туралы тек қана хабардар болуын емес, оны күнделікті жұмысында тиімді қолдана білуін мақсат етеміз. Бұл мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, шешім қабылдау үдерістерін жеделдетуге мүмкіндік береді. Қазақстан мемлекеттік басқаруға жасанды интеллектті енгізуде өңірдегі алғашқы елдердің біріне айналуда».

Оқыту аясында мемлекеттік қызметкерлердің жұмысында жасанды интеллектіні саналы түрде қолдану дағдысын қалыптастыру, әкімшілік үдерістерді автоматтандыру мен деректерді талдау арқылы оңтайландыру, сондай-ақ Қазақстандағы жергілікті AI-шешімдерін (ұлттық жасанды интеллект платформасы мен қазақ тіліндегі үлкен тілдік модельді қоса алғанда) енгізу арқылы өнімділікті арттыру және шешім қабылдау сапасын жақсарту жоспарлануда.

Курс мемлекеттік қызметкердің күнделікті қызметіндегі ЖИ-ді қолданудың негізгі сценарийлерін қамтиды: жоспарлау, ақпаратты өңдеу, презентациялар жасау, шешім қабылдау, тапсырмаларды автоматтандыру және көпшілік алдында сөз сөйлеу. Бұл курста заманауи тілдік модельдермен жұмыс істеудің әмбебап қағидалары ұсынылады, олар жасанды интеллектінің әртүрлі жүйелеріне оңай бейімделуге көмектеседі. ChatGPT-мен тиімді жұмыс істеуді меңгеру Claude (Anthropic), Gemini (Google), Perplexity, Mistral, Cohere және басқа да платформаларды сенімді қолдануға жол ашады.

Оқыту офлайн-форматта өтеді және ол Мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарының базасында Mastercard және KPMG Кавказ және Орталық Азия компанияларының қолдауымен ұйымдастырылады. Курсты аяқтағаннан кейін мемлекеттік қызметшілерге бірегей нөмірі бар сертификаттар табысталады.

KPMG Кавказ және Орталық Азия, Технологиялық практика, Жасанды интеллект саласындағы қызметтер жетекшісі Жафар Пенот былай дейді:
«Бүгінде жасанды интеллект тек үдерістерді автоматтандырумен шектелмей, мемлекеттік секторда шешім қабылдау тәсілін де түбегейлі өзгерте алады. Қазақстанда ЖИ жай формалдылық үшін емес, мемлекеттік басқарудың логикасы мен құндылықтарына ендірілген құрал ретінде қолданылуы маңызды».

Mastercard компаниясының Қазақстан және Орталық Азия бойынша бас директоры Санжар Жамалов:
«ИИ құзыреттерін дамыту — қоғамның цифрлық трансформациясының ажырамас бөлігі. Mastercard Қазақстанда қажетті дағдыларды дамытуға бағытталған бесжылдық Digital Country Partnership бағдарламасы аясында бұл бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді. Біз мемлекеттік қызметкерлерге арналған ЖИ саласындағы өңірдегі алғашқы білім беру бағдарламасына қатысқанымызға қуаныштымыз. Бұл бастама — озық технологияларды енгізу, цифрлық сауаттылықты арттыру және Қазақстанда орнықты цифрлық экожүйені қалыптастыру жолындағы біздің ұмтылысымыздың көрінісі».

Оқыту Snack Learning форматында — ұзақтығы 5 минуттық қысқа видеодәрістер түрінде өтеді, бұл оқуды икемді етіп, жұмыс кестесіне оңай бейімдеуге мүмкіндік береді. Дәріс берушілер қатарында жетекші сарапшылар мен тәжірибешілер бар, соның ішінде цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, ол ЖИ-ді стратегиялық басқару деңгейінде енгізу тәжірибесімен бөліседі.

Бағдарлама аясында жыл сайын шамамен 30 000 мемлекеттік қызметкерді қамту жоспарлануда. Курстың жазбасы еліміздегі барлық мемлекеттік қызметкерлер үшін Astana Hub платформасында кез келген уақытта қолжетімді болады.

ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі

Цифрлық даму министрлігі мемлекеттік қызметшілерге арналған ЖИ дағдылары бойынша оқытуды іске қосты